Қарт жауынгерлерге миллион теңгенің сертификатын тапсырды

8 Мамыр 2020, 17:28
3254
Бөлісу:
Қарт жауынгерлерге миллион теңгенің сертификатын тапсырды
Фото: автордан

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласында тұратын Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Мұсахан Бердібаев биыл 99 жасқа толады. Қарт майдангер сұрапыл жылдары Сталинград және Курск шайқастарына қатысып, жан алысып, жан беріскен қырғынның бел ортасында болған.

Мұсахан Бердібайұлы жүз жасқа жақынданына қарамастан ширақ, бала-шағасының ортасында бақуатты ғұмыр кешуде.

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі кеңес-герман қақтығысына қатысушыларды Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді.

Бердібек Мәшбекұлы қарт жауынгерге Жеңіс күнін жақындатуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін алғысын білдіріп, оның деніне саулық, 100 жасқа толған тойын салтанатпен атап өтуін тіледі. Сонымен қатар гүл шоқтарын, жеміс-жидек себеттерін, 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Мұсахан атай әңгімесінде соғыс даласындағы қан кешкен күндерін есіне алып, бүгінгі буынға батасын берді.

Өмір мен өлім арпалысқан соғыс уағында қаңғыған оқтан да, тура атылған ажал азуынан да аман қалдым. Құдайдың бір назарына алғаны шығар. Тек 1945 жылдың басында ғана ауыр жарақат алдым. Бақандай бес ай ауруханада емделіп, мүгедектік алдым. Содан соң елге оралуыма тура келді. Қазір аман жүрген қарақтарым, ертеңгі күнімізге қызмет ететін ұрпағым сондай зұлмат күндерді көрмесе екен деп тілеймін. Тәңірден жалбарынып сұрайтыным да сол, - дейді ардагер Мұсахан Бердібаев.

Ақсақалдың бала-шағасының айтуынша, атай жылдар өткен сайын соғыстың зардабын тартып келеді екен. Мәселен, жақында оның көзінің көру қабілеті нашарлап, алыстағын аңғара алмайтын болыпты.

Мұсахан қария бірнеше өлеңдер мен баталар жинағын құрастырған. Ұл-қыздарынан тараған немере-шөберелері үшін қария тірі тарихтың өзі, даналықтың қайнар көзі іспетті. Олар атасы қартайған сайын алаңдайды, аман болуын тілейді.

Осы өңір басшысы Екінші дүниежүзілік соғыстың тағы бір ардагері Антонина Павловна Беляеваға да арнайы барып, Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен құттықтады. 93 жастағы бұл майдангердің де қимыл-қозғалысы ширақ, мінезі ашық-жарқын екен. Ол облыс әкімімен әңгімесі барысында әзілдесіп, қалжыңдасып отырды.

кутиккул.jpeg

Қалай ұмытайын соғыстың зұлмат күндерін?! Қаншама жаралы сарбазды қайтадан сапқа тұрғыздым, қаншамасынан айырылып қалдық. Бұл соғыс адам атаулыны аяған жоқ қой. 1944 жылы жедел жәрдем пойызына отырып, бүкіл Еуропаны араладым. Жеңістің ақ таңын Кенигсбергте қарсы алдым. 1946 жылы майдан даласынан оралған соң, бүкіл өмірімді осы Жамбыл өңірінің өркендеуіне арнадым, - деді Антонина Павловна.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ардагерге ел Президентінің құттықтау хатын тапсырып, бір миллион теңгелік сертификат берді.

Біз, бүгінгі ұрпақ сіз сияқты еңбегі ерен азаматтарымызды құрмет тұтып, қадірлеуге тиіспіз. Ел басына күн туған зұлмат уақытта Сіздер өз Отандарыңызды дұшпан аяғынан қалай қорғау керектігін көрсеттіңіздер. Сол үшін де қанды қырғынды басынан өткерген қарт жауынгерлерге бас иіп, тағзым етеміз, - деді Бердібек Мәшбекұлы.


Өзгелердің жаңалығы