«АрселорМиттал Теміртау» шахтасындағы апат: Бір адам іздестіріліп жатыр

14 Қаңтар 2021, 11:40
1606
Бөлісу:
«АрселорМиттал Теміртау» шахтасындағы апат: Бір адам іздестіріліп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше кешкі сағат 21.53-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Ленин атындағы» шахтасында барлау ұңғымасын бұрғылау кезінде метан газы мен көмірдің ұсақ фракциялары бөлінді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұл күні үш жұмысшы, атап айтқанда бұрғылау қондырғысының машинисі, машинистің көмекшісі, сондай-ақ желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің тау-кен шебері ұңғыма түбінде барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан. Апат салдарынан тау-кен шебері мен машинистің көмекшісі апат орнынан дереу кетіп қалды, ал машинист ұңғыма түбінен шыға алмады, - делінген хабарламада.  

Апат кезінде шахтада үшінші ауысымның 137 қызметкері болған. Олардың 136-сы жер бетіне шығарылды.
Кәсіпорынның авариялық-құтқару қызметі келгеннен кейін дереу шахтаға түсті. Сағат 23.00-де аэрогазды бақылау аппаратурасының көрсеткіштеріне сәйкес шахтаның тау-кен қазбаларындағы газ жағдайы қалыпқа келді.  

Авариялық-құтқару қызметінің бөлімшесі ұңғыма түбіндегі тау-кен массасын тазалауда. Зардап шеккен бір адамды іздестіру жұмыстары жалғастырылуда. Іздестіру жұмыстарына шахтаның 17 қызметкері мен авариялық-құтқару қызметінің екі бөлімшесі (16 адам) жұмылдырылды, - деп хабарлады министрлік. 

Аталған апатты тексеру үшін ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің жанында комиссия құрылды.

Өзгелердің жаңалығы