Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов «AntikorLive» жобасы аясында өткен онлайн брифингте қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысты пікір білдірді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында қоғамдық кеңестердің жұмысы жайлы ерекше айтып өткен болатын. Қоғамдық кеңестер бізде ғана емес, өркениетті елдерде кеңінен қолданысқа енген механизм. Қоғамның маңызды мәселелеріне шын жанашыр азаматтар кіретін ұйым. Қазір елімізде 234 қоғамдық кеңес бар. Оның құрамында 3,5 мыңға жуық белсенді азамат бар. Олардың 70 пайыздан астамы азаматтық қоғам өкілдері, - деді Болат Тілепов.
Вице-министр атап өткендей, қоғамдық кеңес құрылғалы 900-ге жуық отырыс өтті.
Онда 3 мыңға жуық мәселе қаралды. 250-ге жуық қоғамдық тыңдалым ұйымдастырылып, 160-тан астам қоғамдық зерттеу жүргізілді. Әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша 150-ге жуық ұсыным қабылданып, мемлекеттік органдарға жеткізілді, - деді ол.
Сондай-ақ, Болат Тілепов қоғамдық кеңестердің атқарылған нәтижелерімен қоса олардың кемшіліктерін де атап өту керек деген пікірде.
Қоғамдық кеңес болған соң оған азаматтардан өте көп өтініш пен ұсыныстар келіп түседі. Біз оларды бір жерден қарайтын деректер базасын әзірледік. Барлық өтініш қараусыз қалмайды, деректер базасында сақталып, отырыстарда қаралатын болады. Білімді кеңейту бойынша семинарларды қарастырып отырмыз. Қоғамдық кеңестермен тікелей жұмыс істеуге дайын сараптамалық көмек көрсете алатын сарапшылар базасын дайындап жатырмыз. Қоғамдық кеңестерге қаражат бөлінбейді. Бірақ олардың мүшелерінің жеке бастамалары бар. Келесі жылы министрлік оларға арнайы грант бөліп, бастамаларды қолдауды көздеп отырмыз, - деді ол.