Армиялық халықаралық ойындар – әскери шеберлік мектебі

21 Шілде 2021, 16:44
4332
Бөлісу:
Армиялық халықаралық ойындар – әскери шеберлік мектебі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл өткен сайын Армиялық халықаралық ойындардың танымал болуы артуда. Оның сыры неде? Олардың Қарулы Күштер үшін маңызы қандай және ойындарға қатысудағы қаржы шығындары қаншалықты ақталды? Осы және басқа да сұрақтарға ҚР ҚК Бас штабы Жауынгерлік даярлық департаментінің бастығы генерал-майор Дәулет Оспанов жауап берді.

Дәулет Рысқұлбекұлы, Армиялық халықаралық ойындар – бұл әскерилерге арналған ойын. Әрине, «ойын» деген сөз армияға қатысты алғанда құлаққа біртүрлі естіледі. Осы туралы айта кетсеңіз.

Жоқ, әрине. Бұнда айтылатын «ойын» деген сөзді тар мағынада түсінуге болмайды. Оны жан-жақты түсіндіретін болсақ, әлемнің ең мықты спортшылары жиналатын Олимпиада ойындарына ұқсатуға болады. Тек бұнда әртүрлі елдердің әскери қызметшілері бақ сынасады. Өзінің кәсіби шеберлігін көрсете отырып, әскери істе сынға түседі. Ұрыс даласында емес, полигондар мен оқу-жаттығу даласында өз мамандығын, жауынгерлік техника мен қаруды кім жақсы меңгергені, жауынгерлік іс-қимылдар жағдайына кім тез бейімделіп, жауынгерлік тапсырманы кім сапалы орындайтыны анықталады.

Қарулы Күштеріміз үшін Армиялық халықаралық ойындарға қатысудың қандай пайдасы бар?

Егер Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары, басқа да халықаралық турнирлер болмаса, спорттың қалай дамитынын елестетіп көріңіз.

Әскери қызметшілер үшін де Армиялық халықаралық ойындар Олимпиада ойындары тектес. Әрине, бұнда жауынгерлеріміз нақты жауынгерлік іс-қимылдан басқа, шетел армияларымен салыстырғанда өзінің нақты даярлық деңгейін бағалай алады. Жеке мамандар даярлығының да, жалпы жауынгерлік даярлық жүйесінің де тиімділігін көреді.

Жалпы, Армиялық халықаралық ойындар – бұл әскерлердің жауынгерлік даярлық нысаны. Ол тек күрделендірілген жағдайда сайысу форматында, адамның көңіл-күйі жоғары психологиялық-эмоциялық қобалжыған жағдайда өткізіледі. Демек, бұл – қарқынды және тиімді даярлық.

Ойындардағы жағдай, көбінесе, экстремалды түрде болады. Өз полигонында өткізілетін жауынгерлік даярлық бойынша дәстүрлі сабақтарға қарағанда, әскери қызметшілер Армиялық халықаралық ойындар барысында өзіне таныс емес оқу-жаттығу алаңында міндеттерді орындайды. Әдетте, конкурстарды ұйымдастырушылар ұсынған оларға таныс емес қару-жарақ пен әскери техника қолданылады.

Жауынгерлер жоғары психологиялық-эмоциялық қобалжыған көңіл-күйде өздері білмейтін шетел командаларымен бәсекелестікте, кейде тіпті көрермендердің, жанкүйерлердің қолпаштап қолдау көрсетіп, айғайлауымен, телекамералар түсірілімдері астында, жарыстарды тікелей көрсету кезінде әрекет етеді. Бұл конкурстардың өзіне қатысты.

Бейтаныс полигон, ұдайы психологиялық қысым, маңызды шешім қабылдау және жаттығуды орындау үшін шектеулі уақыт. Бұның бәрі – мықты психологиялық даярлық.

Жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар шеңберінде жыл бойы өткізілетін ойындарға даярлық барысында әскери қызметшілер іс-қимылдың жаңа амал-тәсілін, айла-амалын меңгереді. Оны автоматты түрде орындауға дайын болады.

Мысалы, танк биатлонында танкистер қалай әрекет ететінін қараңыз. Олар бірнеше секунд ішінде танкіге отыруды орындайды, оқ-дәрілерді қалай тез әрі шебер жүктейді. Механик-жүргізуші жауынгерлік машинаны қалай шебер басқарады және зеңбірекші-оператор мен танк командирі нысанаға қалай дәл тигізеді.

Бұл осылай әрекет етуге сөзсіз ұмтылуға тиіс басқа танкистер үшін үлгі, эталон болып табылады. Басқа конкурстарда да дәл осылай. Тіпті ойынға қатысушылардың шеберлігі мен оларға қатыспағандар арасындағы айырмашылық айқын көрінеді.

Өз бөлімдеріне, бөлімшелеріне қайтып оралғаннан кейін осы әскери қызметшілер өздерінің кәсіби шеберлігін көрнекі түрде көрсете отырып, өте сенімді, оңай әрекет етеді. Олар өз әріптестері мен жас жауынгерлерді осыған үйретеді. Оларға қарап басқалары олардың деңгейіне жетуге ұмтылады.

Армиялық халықаралық ойындар конкурстарына бұрын жауынгерлік оқу-жаттығу барысында кеңінен қолданылмаған жаттығулар енгізілген. Ойындарға қатысу арқасында біз конкурстардан жаттығулар мен нормативтерді ала отырып, жауынгерлік даярлық бағдарламасына түзетулер енгіздік. Мысалы, қол гранатаатқышынан жатып ату, танк бөлімшелерінің қапталдан ату жаттығуын айтуға болады. «Эльбрус шеңбері» конкурсына қатысу әскери альпинизмді одан әрі дамытуға, барлау және жалпыәскери бөлімдердің таудағы даярлығы бағдарламасын жетілдіруге қуатты серпін берді.

Одан басқа, жауынгерлер даярлық барысында басқа да мамандықты меңгереді…

Бұл туралы нақтырақ айтып берсеңіз?

Міне, қараңыз. Мысалы, «Десанттық взвод» конкурсына келетін болсақ, жалпы, десантшылар туралы ой қандай? Олар бейтаныс жерге парашютпен қонып, жинала сала, 10 километр жүгіріп өтіп, биіктікті басып алды, оқ атумен қарсыласты жойды, жекпе-жек күресте барлығына «тізе бүктірді». Бір сөзбен айтқанда, «Мақсатың айқын болса – кедергі жоқ».

Бірақ осы конкурс барысындағы кезеңдердің бірі әскери топография бойынша сайысты көздейді. Бұл – өте күрделі сала. Ол үшін біз команда құрамына даярланған топограф-нұсқаушыларды қосамыз. Даярлық нәтижесінде барлығын жеңуге даяр десантшылар қиын да күрделі жергілікті жерде жақсы бағдарлауға үйренеді, ал топографтар әуе-десанттық даярлық негіздерін түсінеді. Басқа конкурстарда да ұқсас жағдай.

Кәсіби шеберліктің осылай артуын байқай отырып, мен Армиялық халықаралық ойындарға қатысуды толық қолдаймын және көпшілік менімен келіседі деген ойдамын. Бас қолбасшылар, қолбасшылар, бөлім командирлері соңғы 5 жыл ішінде жауынгерлік оқу-жаттығу нәтижелерінің жақсарғанын бірнеше рет атап өтті. Бұл, көбінесе, Армиялық халықаралық ойындарға қатысумен байланысты.

«АрХО – 2021-ге» дайындық қалай өтуде және ол жоспарлы жауынгерлік оқу-жаттығуға қалай әсер етеді?

Егер даярлық туралы айтатын болсақ, ол бірнеше кезеңнен – әскери бөлімдер, өңірлік қолбасшылықтар, бүкілармиялық жарыстар болып ұйымдастырылған.

Айтпақшы, міне, «АрХО» пайдасына оның тағы бір жақсы жағы. Конкурстардың іріктеу кезеңдері бүкіл ел бойынша полигондарда жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар шеңберінде өтеді. Әрине, полигондарды осы конкурстарға дайындау керек. Бес жыл ішінде «АрХО-ға» дайындық шеңберінде Қазақстанның барлық аумағындағы бірқатар полигондар қазіргі заманғы деңгейге жеткізілді. Мұндай жаңартылған оқу-материалдық база барлық сабақты, оның ішінде ойындарға даярланумен байланысты емес сабақтарды да сапалы өткізуге мүмкіндік береді.

Байқаулардың бірінші кезеңі тікелей әскери бөлімдер мен құрамаларда басталады, сондықтан оған барлық бөлімшелер мен бөлімдер қатысады. Әрине, мен айтып өткендей, жауынгерлік даярлық бойынша жоспарлы сабақтар шеңберінде. Бұл дұрыс бәсекелестікті тудырады, жеке құрамның кәсіби шеберлігі деңгейін арттырады. Келесі кезеңдер өңірлік қолбасшылықтарда өтеді және Қарулы Күштер командасына іріктеумен аяқталады. Бүгінгі күні барлық іріктеу шаралары аяқталып, командалар құрамы жасақталды. Командаларды тікелей конкурстарға даярлау жүріп жатыр.

Сонымен, ойындарға даярлық жеке құрамды жауынгерлік даярлықтан алшақтатпай, керісінше, әскерлердің жауынгерлік оқу-жаттығуы қарқынын жетілдіріп арттырады.

Ойындардың халықаралық әскери ынтымақтастықты дамытудағы маңызы тіпті күмән тудырмайды…

Әрине! Бүкіл әлемге Қарулы Күштеріміздің және жалпы еліміздің күш-қуатын, жоғары даму деңгейін көрсететін нақты мүмкіндік туралы да айтуға болады. Өйткені, қазақстандық командалардың Ойындардың көптеген конкурсына қатысуы, әскери қызметшілеріміздің үлкен бәсекелестік кезінде жеңіске жетуі көп нәрсені білдіреді. Армиямызды және Қазақстанды әлемге танымал етеді. Еліміздің халықаралық аренадағы беделі мен имиджін арттырады.

Одан басқа, осындай деңгейдегі кез келген жарыстар ғылыми ойдың дамуын, рационализаторлық ұсыныстарды, қазіргі заманғы және өзекті техникалық әзірлемелерді енгізуге ынталандырады. Жасыратыны жоқ, қатысушылар қару-жарақ пен техниканы дайындауда қазір «лайфхак» деп аталатын белгілі бір айла-амалдарды қолданады. Бұл туралы ашып айтпай-ақ қояйын, өйткені қағидаларда кейбір «фишкалар» әлі көзделмеген. Алайда, соған қарамастан, мұндай тәсілдер практикада бар және мұны біз ғана емес, басқалар да кеңінен қолданады. Мүмкін, бұл анағұрлым кеңінен енгізу үшін негіз болар.

Армиялық халықаралық ойындарға қатысуға қанша қаражат жұмсалады?

Орынды сұрақ. Мемлекет қаражатын әрқашан есеппен пайдалану қажет. Әр нәрсенің сұрауы бар, әрі қайтарымы болуға тиіс. Біздің «АрХО-ға» қатысуымыз қандай да бір ауқымды қосымша шығысты талап етпейді.

Командаларды даярлау жауынгерлік даярлыққа, яғни жеке құрамды оқытып-үйретуге бөлінген қаражат шеңберінде жүргізіледі. Өзіңіз білетіндей, тіпті «АрХО» болмаса да, жарысқа қатысушы әскери қызметшілер жүгіру, ату жауынгерлік техниканы жүргізу дағдыларын ұдайы жетілдіріп отыруға тиіс. Ал бұл жерде оқу сағатының көлемі тек Ойындарға даярлық шеңберінде жұмсалып, негізінен, жауынгерлік даярлық форматы мен қарқындылығы ғана өзгереді.

Команда мүшелерін конкурстар өткізілетін орындарға жеткізу әскери-көлік авиациясы ұшқыштар құрамының жоспарлы практикалық даярлығы шеңберінде жүзеге асырылады.

Ойындар ережесіне, оны өткізу шарттарына сәйкес тұратын жер, тамақтану, монша-кір жуу қызметін көрсету және тағы басқалар қабылдаушы тараптың есебінен қамтамасыз етіледі, ол Қорғаныс министрлігінің шығыстар құжатына жатпайды, сондықтан ойындарға жұмсалатын шығын туралы айту қажет емес.

Әскери қызметшілеріміз үшін АрХО-ның маңызы қандай?

Армиялық халықаралық ойындар – әрбір әскери қызметші үшін іріктеу сайыстарында өзін көрсету, ал үздіктер үшін ірі халықаралық әскери форумға бару мүмкіндігі. Яғни, өзін көрсету және басқаларды көру. Бұл – елеулі ұмтылыс.

Қай конкурсты алып қарасақ та, жауынгерлеріміз тек «қатысушы» емес, ең жоғары орындарға үміткерлер болып табылады.

Жалпы, Қазақстан Ойындар басталғаннан бері оған қатысып келеді. 2014 жылы біздің команда Танк биатлонына қатысты. Сол кезден бастап командаларымыз «АрХО-ға» ұдайы қатысуда.

Бұны айта кеткен жөн болар. Біз алғаш рет Ойын географиясын кеңейтіп, Ресейден тыс жерлерде де конкурстар өткіздік. Бастама таныта отырып, 2016 жылы біз өз аумағымызда «Артиллериядан оқ ату шебері», «Мергендер шебі» конкурстарын өткіздік. 2017 жылы біз байланысшыларға арналған «Сенімді қабылдау» және ҰҰА операторларына арналған «Сұңқар аңшылығы» конкурстарын қостық.  

Біздің бастамамызда, әрине, шамалы айла-амал да болды. Халықаралық оқу-жаттығуларда артиллерия, байланыс мамандарымыздың, мергендеріміздің үстемдігін үнемі көріп, байқап отырамыз. Ал ұшқышсыз ұшу аппараттарын енгізу және қолдану бойынша Қазақстан армиясы Кеңес одағынан кейінгі елдер арасында алғашқылардың бірі болып табылады.

Сондықтан біз бұл конкурстарға Ойындарда жетістіктеріміздің санын одан әрі арттыру мақсатында бастама жасадық. Әзірге біз осы конкурстарда үздіктер қатарындамыз. Әрине, бәсекелестік жоғары болған сайын, жеңісіміз де анағұрлым құнды.

Ал жаңа «айлалы» бастамалар бар ма?

Әрине, онсыз да болмайды. Осы жылы біз армиялық жекпе-жек күрес және армиялық тактикалық оқ ату бойынша жаңа конкурстар енгізуді ұсындық.

Қазақстан армиясында соңғы 2-3 жылда жекпе-жек күрес өте танымал болып отыр. Қорғаныс министрінің өзі де жекпе-жек күреспен айналысады, КСРО спорт шеберіне кандидат, Бүкілқазақстандық жекпе-жек сайыс қауымдастығының төрағасы болып табылады. Ал Бас штаб бастығы – Армиялық жекпе-жек күрес федерациясының төрағасы. Бұнымен менің не айтқым келіп отырғанын түсінген шығарсыз (күледі). Жауынгерлік даярлық бағдарламасында әскери қызметшілердің барлық санаттары үшін осы спорт түрімен шұғылдану сабағының болуы кездейсоқ емес. Қарулы Күштерде сайыстар барлық деңгейде өткізіледі. Жеңіс біздікі болатынына еш күмәнім жоқ (күледі). Бірақ ұйымдастырушылардың шешімі басқаша болды. Ол бойынша жекпе-жек күрес «Десанттық взвод» және «Әскери барлау үздіктері» сайыстарының жеке кезеңі ретінде енгізілді.

Ал, армиялық тактикалық оқ ату жеке конкурс түрінде болады. Бұл Қазақстан тарапының бастамасы болса да, конкурс Рязаньда өтеді. Бізде ол 2020 жылдан бастап бөлімшелерді жауынгерлік даярлау бағдарламасына енгізілген. Сондықтан осы және басқа да конкурстарда жеңіске жетеміз деп үміттенеміз.

Жалпы, алда болатын Ойындарда әскери қызметшілеріміз 34 конкурстың 11-іне қатысады. Ал, 2 конкурс, атап айтқанда «Артиллериядан оқ ату шебері» және «Сұңқар аңшылығы» Қазақстан аумағында өтеді.

Сонымен, 22 тамыз – 4 қыркүйек кезеңінде Ойындарды көріп, біздің командалар үшін жанкүйер болыңыздар! Сенімдеріңізді ақтаймыз!



Өзгелердің жаңалығы