Arlan Grip Championship: жаңа рекорд орнады

8 Сәуір 2019, 08:58
2194
Бөлісу:
Arlan Grip Championship: жаңа рекорд орнады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Arlan Grip Championship турнирінде еліміздің үздік джиу-джитсу спортшылары бақ сынады.

Алматыда қыздар мен ерлер арасында бразилиялық джиу-джитсудан Arlan Grip Championship «Koktem Open - 2019» xалықаралық турнирі өтті. Бұл туралы қазақстандық ақпарат орталығы хабарлайды.  

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген 1000-ға жуық спортшы екі күн бойы әр салмақ әрі жас айырмашылығы бойынша өзара мықтыны анықтады. Жарыстың алғашқы күнінде 4-17 жасар, ал екінші күнінде 18-ден жоғары жастағы спортшылар бақ сынады.  

«Бұл рейтингті турнир жақын әрі алыс шет елден келген қатысушыларға жақсы таныс. Кеше біз балалар арасында 640 адам жинап рекорд орнаттық, ал, бүгін ересектер арасында өткізіп 250-ден астам спортшы жинадық. Осындай көрсеткіш бізді өте қуантады», - дейді қазақстандық бразилиялық джиу-джитсу және грэпплинг федерациясының халықаралық қатынастар вице-президенті Ақмарал Қанатбаева.   

Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл жарыстың қатысушылары алдағы уақытта өтетін халықаралық жарыстарға дайындалып жатыр.  

«Біздің Қазақстан құрамасы қазір Абу-Даби қаласында бразилиялық джиу-джитсудан болатын әлем чемпионатына дайындалуда. Жарыс сәуірдің 21-26 аралығынла өтеді, ал артынша олар мамырдың 10-14 күндері әуесқойлар арасындағы грэпплингтен (АИГА) өтетін турнирге Жапонияға аттанады», - деді Ақмарал Қанатбаева.  

Екі күнге жалғасқан бұл турнир кез келген қатысушылар арасында ABB Arena-да IBJJF халықаралық федерация ережесіне сәйкес өткізілді. Оның басты мақсаты елімізде джиу-джитсуды дамытып, елге таныту, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.    

«Жарыс маған қатты ұнады. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қарсыластарым қиын болды. Бүгінгі жеңісіме қуаныштымын. Өз жанкүйерлеріме алғыс білдіремін. Қазір мен алдағы уақытта өтетін Абу-Дабидегі әлем чемпионатына дайындалып жатырмын. Онда 16-17 жас аралығында көк белбеулер арасында өнер көрсетемін. Жеңімпаз болсам деген арманым бар», - деді жеңімпаздардың бірі Дина Давлятова.  

Бұл тартысты өткен жарыстың нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен дипломдар табысталды. Жарыстың нәтижелерін smoothcomp.com сайтынан көре аласыздар.  

Айта кетер жайт, Абу-Дабидегі әлем чемпионаты жыл сайын балалар және ересектер арасында өтеді.  

Өзгелердің жаңалығы