Бас жаңалықтар
Әскери қызметшілер «Десанттық взвод» конкурсына дайындалуда
05 Тамыз 2021, 14:24 161

Әскери қызметшілер «Десанттық взвод» конкурсына дайындалуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыдағы десанттық-шабуылдау бригадасының және Құрлық әскерлері Әскери институтының полигондарында әскери қызметшілер Армиялық халықаралық ойындар шеңберінде «Десанттық взвод» конкурсына қатысу үшін даярлықтан өтуде.

Командалардың Ресейге кетуіне санаулы күндер қалды. Соған қарамастан десантшылар жаттығу қарқынын үдетуде. Бұл ретте әскери қызметшілер оқ ату даярлығын жетілдіріп, дене шынықтыру дайындығын арттыруда.

Даярлық жоспарға сәйкес екі кезеңде өткізілуде. Бірінші кезең барысында біз оқ атуды жүктемесіз орындадық. Ал екінші кезеңде минутына пульс қарқыны 170 соққыға дейін, сондай-ақ әртүрлі қалыпта дәл көздеп оқ ату пысықталды, – деді танкіге қарсы қол гранатаатқышынан оқ ату жөніндегі нұсқаушы майор Сергей Батурин.
Оның айтуынша, бұрын өткізілген жарыстарда жол берілген қателіктер зерделеніп, себептеріне талдау жасалды. Оларды жою бойынша шаралар қабылданды.

Нұсқаушылар жаттықтыру барысында танкіге қарсы қол гаранатаатқышынан оқ ату кезінде ефрейтор Дәурен Ахметқалидың жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті. Әскери қызметші 150, 200, 250 метр қашықтықтағы жертасадан танкіні имитациялайтын нысанаға дәл тигізіп жояды.

«Десанттық взводтың» қазақстандық командасы Ресейге 9 тамызда кетеді. Жарыс Рязань облысында «Дубровичи» полигонында өтеді.

Конкурс төрт кезеңнен тұрады. Олар десант түсіруді, жерге қону алаңында жиналуды, 10 километр қашықтыққа марш жасауды, жеке жарысты, оқ ату кезінде жауынгерлік машинамен ізге түсу жарысын, сондай-ақ жауынгерлік машиналардағы эстафетаны қамтиды.

Биыл Халықаралық армиялық ойындар 12 елде өтеді. Ойындар бағдарламасы 34 конкурстан тұрады. Олардың ішінде екеуі – «Артиллериядан оқ ату шебері» минаатқыштар есептоптарының сайысы және «Сұңқар аңшылығы» ұшқышсыз ұшатын аппараттар есептоптарының сайысы Қазақстанда өтеді.


Фото: дереккөз
Загрузка...