Ардагерлер заңы ерлік сабақтастығын қамтамасыз етуі тиіс – Бақытбек Смағұл

9 Мамыр 2020, 09:35
2464
Бөлісу:
Ардагерлер заңы ерлік сабақтастығын қамтамасыз етуі тиіс – Бақытбек Смағұл
Фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл өмірге жолдама алып отырған жаңа әрі тұңғыш "Ардагерлер туралы заңына" қатысты өз пікірін білдірді.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздің бейбіт әрі тыныш өмір сүруіне сүбелі үлес қосқан барлық ардагерді Жеңіс күнімен құттықтағым келеді! Жеңістің бұл жолғы мерейтойы Қазақстанда "Ардагерлер туралы" заңының қабылдануымен дараланып отыр. Осы аттас заң жобасын Үкімет Парламент қарауына бұрындары да, 2007 жылы ұсынған екен. Содан сүріленіп ұзақ жатты да, кейін кері қайтарып алыныпты. Енді Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы қарсаңында ел Парламенті жаңа заңды шұғыл қабылдап, оған Мемлекет басшысы қол қойып отыр. Бұл заң сұрапыл соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, ауыр өмірдің тауқыметін тартқан, арқасына нар жүгін артқан, оқ-дәрі, әскери техника жасап, егін салып, майданды бар керек-жарақпен қамтып, жеңісті жақындатқан ақ сақалды аталарымыз бен ақ шашты әжелеріміздің елге сіңірген қызметінің өтеуіне айналмақ. Өйткені тыл еңбеккерлері ардагерлердің жеке санаты ретінде кіріп отыр, – деді Бақытбек Смағұл. 

Мәжіліс депутаты қоғамда қызу пікірталасқа негіз болған бұл заң жалпы алғанда елімізде ардагерлердің 5 әлеуметтік қорғалатын санатын бекіткенін айтты.

Бұлар – біріншіден, Ұлы Отан соғысының ардагерлері; екіншіден, басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері; үшіншіден, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер; төртіншіден, еңбек ардагерлері; бесіншіден, заңның күші қолданылатын басқа да санаттағы адамдар, - деді депутат.

Бақытбек Смағұл Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің тікелей мұрагері Ауған соғысына қатысқан ардагерлер екендігін тілге тиек етті.

Бірақ қаһармандық пен қайсарлық қазақтың қанында бар, сондықтан бізден кейін де Отан алдындағы антына адал болып, өзге ел аумағында өзіне жүктелген әскери тапсырманы орындаған жауынгерлер жетерлік. Ардагерлер қатарында енді 1992–2001 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан адамдар, сондай-ақ бертінде Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингент жатқызылды. Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығы кезінде осы азаматтардың да ардагер қатарына қосылуы мәселесін көтерді. Бұл жайында мен Үкіметке депутаттық сауал мен хаттар жолдағанмын. Бұл халқымыздың ерлік дәстүрі жалғасын табуы, ержүрек ұландар мемлекет тарапынан қолдау көруі үшін жасалып отыр, – деді Бақытбек Смағұл.

Оның айтуынша, таулы Қарабақтағы этносаралық жанжалдарды басуға 225 әскери қызметші қатысқан. Ал тәжік-ауған шекарасында тұрған қазақстандық жауынгерлер Тәжікстандағы азаматтық соғыстың реттелуіне өз үлестерін қосты. 

Азаматтық соғыстың мемлекетаралық соғыстан айырмашылығы, онда әкесі баласына, туысы туғанына қару кезенеді. Билік қолдан-қолға өтіп, ішкі іске үшінші күштер араласады. Сондай кезеңде келісімшарттар бойынша қазақстандықтар кірген халықаралық ұжымдық қауіпсіздік күштері Тәжікстанға бейбіт өмірге оралуына жәрдемдесті. Кейін Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияларына елімізден Қазбаттың 294 сардары мен сарбазы қатысыпты. Жаңадан енгізілетін санаттар үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақы белгіленеді, - деді ол.

Ол Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы ретінде ардагерлерінің ұсыныстарын тиісті министрлікке тапсырғанын айтты.

Ауған соғыс ардагерлері ұйымының төрағасы ретінде мен ауған ардагерлерінің ұсыныстарын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсырдым. Жұмыс топтарында барынша дәйектеп, қорғадық. Бірақ министрлік оған келіскенімен, мемлекеттік қолдауды қазіргіден күшейтуге мүмкіндіктің жоқтығын ашық айтты. Алайда, алда ардагерлердің әлеуметтік мәселелері кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізіп, уәдесін берді. Ардагерлер мемлекеттің басына түскен қиындықты түсініп, оны ауырлатпай, қайта жеңілдетуге еңбек етіп жатыр, – деді Смағұл.

Ең бастысы, ардагерлер ұзақ күткен заң қабылданып отыр. Заңды әзірлеуші Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сендіруінше, болашақта мемлекет өз мүмкіндігіне қарай бұл заңды одан әрі жетілдіріп, ардагерлерді мемлекеттік қолдау шараларын күшейте беретін болады. 

"Ардагерлер туралы" заң мемлекеттілікті нығайтатын, елдікті қорғайтын ер-азаматтар бойына келешекке деген сенім құю үшін керек. Жасыратыны жоқ, бүгінде мыңдаған жігіт әскерге барғысы келмей, бой тасалап жүр. Егер мемлекет пен қоғам ардагерлерге деген құрмет-қошеметті паш етсе, бұл ниет те өзгерер еді. Бұл дамыған елдердің тәжірибесі. Бұл мемлекетіміздің тұрақтылығы, жеріміздің бүтіндігі, бал-бөбектеріміздің тыныш ұйқысы, күміс күлкісі үшін қажет. Біз, ауған ардагерлері, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығы жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеп, оларды батылдыққа баулуға, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің лайықты мұрагері ретінде өскелең ұрпақты әскери өнердің қыр-сырын үйретуге жұмыс жасап жатырмыз, – деді ардагер.

Өзгелердің жаңалығы