Қарағандылық спортшылар Паралимпиада ойындарына бес лицензия жеңіп алды

17 Қаңтар 2020, 21:24
1714
Бөлісу:
Қарағандылық спортшылар Паралимпиада ойындарына бес лицензия жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы ойындар 25-тамыз бен 6-қыркүйек аралығында Токиода өтеді. XVI жазғы Паралимпиада ойындарына 180 елдің 4500 мың өкілі қатысады, деп хабарлады облыс әкімдігінің сайты.

Рейтингті біріншіліктердің қорытындысы бойынша Қарағанды облысынан Жапония астанасында өнер көрсету құқығы үшін тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті бұзылған жеті спортшы күресетін болады деп шешім қабылданды. Олар жүзу – төрт адам, жеңіл атлетика – екі, оқ ату – бір спортшы спорт түрлері бойынша барады.

Бес паралимпиадалық спортшы "А" тобының нормативін орындады. Наталья Звягинцева, Андрей Афанасьев, Әлия Рахымбекова – жүзуден, Айдос Жылқышынов – оқпен атудан, Дастан Мұқашбеков – жеңіл атлетикадан. Тағы екі спортшы лицензиялық халықаралық турнирлерде қаңтар мен мамыр айлары аралығында қажетті нормативтерді орындауы тиіс.

Паралимпиада ойындарына қатысуға барлық үміткерлер үшін даярлаудың перспективалық жоспарлары әзірленіп, бекітілді, жаттығу процесі үшін оңтайлы жағдайлар жасалды. Спортшылар ай сайын стипендия алады.

Дастан Мұқашбековте тірек-қимыл аппараты мен басқа да бірқатар сырқаттар бар, бірақ бұл сырқаттар оған спортпен айналысуға кедергі келтірмеді.

Осыдан үш жыл бұрын мен өз өмірімде бірдеңені өзгерту керек деп шештім. Алдымен пауэрлифтингпен айналысуды ойладым, бірақ денсаулыққа байланысты, осы идеядан бас тартуға тура келді. Жеңіл атлетикалық манежде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған секция бар екенін білдім. Осылайша мені жаттықтырушы Сергей Безгачевпен тағдыр кездестірді. Мен өзімді әртүрлі спорт түрлерінде байқап көрдім, бірақ ядро лақтыру ұнады. 2019 жылдың сәуір айында Мароккода өткен халықаралық турнирде екі медаль – күміс және қола медаль жеңіп алдым. Ал қараша айында әлем чемпионатында тоғызыншы болдым, бұл маған Паралимпиадалық ойындарға қатысуға құқық берді, - деді 30 жасар атлет.

Дастан аптасына төрт рет жаттығады. Екі сағат - манежде және тағы екі сағат - жаттығу залында. Жақында спортшы Алматыда өтетін жиынға барады.
Облыстық мүгедектер спорты мектебінде 16 түр бойынша 440 адам айналысады. Олармен 22 тәлімгер жұмыс істейді, оның ішінде Қазақстан Республикасының жеті еңбек сіңірген жаттықтырушысы бар.

Облыста мүмкіндігі шектеулі 3835 адам 29 спорт түрі бойынша спортпен айналысады. ҚР Ұлттық құрамасына 90 адам кіреді.



Өзгелердің жаңалығы