Қарағандылық полицейлер көпбалалы отбасыларға сыйлықтар табыс етті

4 Маусым 2019, 18:41
1726
Бөлісу:
Қарағандылық полицейлер көпбалалы отбасыларға сыйлықтар табыс етті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының мамандары көпбалалы отбасыларға барып қайтты. Тәртіп сақшылары балаларға сыйлықтар беріп, қызметтік иттердің әрекет ету көріністерін назарларына ұсынды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Көпбалалы отбасыларға барып қайту туралы ой Кинологиялық қызмет орталығының қызметкеріне келген екен. Олар өздері ақша жинап, доптар, ролик конькилері және ойыншықтар сатып алған.

«Көпбалалы отбасыларға көмек көрсету бастамасын барлығымыз бірауыздан қолдадық. Бір күннің ішінде қажетті соманы жинап, сыйлықтар сатып алдық. Мүмкіндігі бар барлық әріптестерімізді осындай отбасыларға қол ұшын созуға шақырамыз», - дейді Қарағанды облыстық ПД КҚО бастығы, полиция майоры Айдар Оспанов.

Сонымен қатар балалар мен ата-аналар үшін полиция қызметкерлері кинологиялық қызмет орталығының аумағында экскурсия ұйымдастырды. Қонақтарға қызметтік иттер қандай жағдайда өмір сүретіні, оларды қалай жаттықтыратыны және жануарлармен қалай тіл табысу керектігі туралы айтып берді.

Кинологиялық қызмет орталығында 25 қызметкер жұмыс істейді. Кинологтарда қазіргі таңда 27 қызметтік иттері бар. Олар есірткі, жарылғыш заттарын табуға және із кезуге жаттықтырылып, үйретілген. ПД Кинологиялық қызмет орталығы осыдан 14 жыл бұрын – 2005 жылы 1 шілде күні құрылған. Ал жалпы өздерінің тарихын Қарағанды облысының кинолог полицейлері 1982 жылдан басталды деп санайды.

Өзгелердің жаңалығы