Қарағандыда заманауи оңалту орталығы ашылды

2 Маусым 2020, 00:40
1466
Бөлісу:
Қарағандыда заманауи оңалту орталығы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында балаларды қорғау күні жаңа заманауи "Шипагер" оңалту орталығы ашылды. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Мұнда БЦП бар балаларды оңалту үшін қажетті барлық жабдықтар, оның ішінде жарықпен және физиоемдеу аппараттары, электросонотерапия, мүмкіндігі шектеулі емделушілерге арналған көтергіштер, бассейн, сенсорлық бөлмелер және жайлы палаталар бар. Орталық жылына 1500 баланы тегін қабылдай алады. Аталған орталық Майқұдықта мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы бойынша ашылды. Жұмысқа тәжірибелі мамандар шақырылды. Дәл осындай орталық Жезқазғанда жұмыс істейді. Сондай-ақ осы жылы мұндай орталық Теміртауда ашылады, – деп жазды облыс әкімі.

Сонымен қатар бүгін ол Осакаров ауданының Пионер балалар үйінің тәрбиеленушілерін мерекелерімен құттықтап қайтқанын айтты. 

Бізді жылы қабылдаған ұжымға алғысымыз шексіз. Қазір балалар үйінде 88 бала тұрады,оның 8-і мектепті аяқтап, оқуға түсуге дайындалуда. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің өздері күтетін үй жануарлары мен қолдан егілген гүлдер мен жеміс-жидектер, көкөніс бақшасының бары таң қалдырды. Балалармен олардың болашақ жоспарлары, мамандық таңдау туралы әңгімелестік. Балалар үйі түлектерінің басты мәселесі тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Тек Осакаровкада ғана 900 бала үй кезегінде тұр. Сондықтан басым міндеттердің бірі жетім балаларды лайықты тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, облыс әкімі осы жылы Осакаров ауданының "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бойынша 36 жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Бағдарлама 360-тан астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл жолдарды жөндеу, көшелерді абаттандыру мен әлеуметтік нысандарды жөндеу сынды жұмыстар. Сондай-ақ "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша ауданның 54 кентінде жолдар жөнделеді. Есіл ауданында жаз соңына дейін су құбырын жөндеу жұмыстары аяқталады. Тұрғындар тұрақты және сапалы сумен қамтамасыз етіледі. Осакаровка кентінің өзінде саябақ, аллея, мини-футбол алаңы, балалар алаңы абаттандырылуда. Сондай-ақ оқушылардың ҰБТ тапсыруы үшін жасалған жағдайлармен танысып шықтым. Аудандық мектепте 193 түлек үш кезеңде тест тапсыратын болады. Мұнда арнайы жабдықтар мен дезинфекциялық туннель, маскалар әзірленген, – деп жазды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өзгелердің жаңалығы