Қарағандыдағы қанды оқиға: Төбелестің неден туындағаны белгілі болды

8 Қаңтар 2019, 15:53
3104
Бөлісу:

Астана, baq.kz тілшісі. Қарағандыдағы мейрамханада болған төбелес қонақтардың бір-бірімен ерегесуі салдарынан туындаған. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев мәлімдеді.


Алдымен Садубаев Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханада 2018 жылдың 31 желтоқсанынан 2019 жылдың 1 қаңтарына қараған түні төбелес болғанын айтты.

«Онда таңғы 4 шамасында қонақтар «музыканы сөндірмеңдер» деген талап қойған. Салдарынан қонақтар бір-бірімен ерегескен. Ерегістен төбелес туындаған. Кейін өздеріңізге белгілі болғандай, қонақтар далаға шыққан. Мейрамхана бірнеше залдан тұрған. Сол жердегі азаматтар достарына хабарласқан», - деді ол. 

Осы орайда Алмас Садубаев төбелес салдарынан көз жұмған жігіттің мейрамханада болмағанын алға тартты.

«Оқиға кезінде қаза тапқан жігіт мейрамханада болмаған. Ол сырттан келген, қонақтың танысы болған.  Мұнда ұлтаралық қақтығыстың негізі жоқ. Оны атап өту керек», - деді ресми өкіл.

Еске салайық, осыған дейін Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында 1 қаңтарда төбелестен ер адамның қаза тапқаны туралы хабар тараған. 

Өңірдегі полиция өкілдерінің мәліметінше, 1 қаңтарда қаладағы мейрамханалардың бірінде зорлық белгілері бар 23 жастағы жігіттің денесі табылған. Осы уақытта әр түрлі дене жарақатын алған үш жігіт (24-27 жас аралығындағы жігіттер) медициналық мекеменің көмегіне жүгінген.

Осыған дейін Қарағандыда болған төбелес ұлтаралық қақтығыс негізінде туындамағанын хабарлаған болатынбыз.

Автор: Дәурен ЕРБОЛАТ
Өзгелердің жаңалығы