Қарағандыда тұрғын үйлерге улы газ датчигі орнатылуда

19 Ақпан 2019, 14:43
2337
Бөлісу:
Қарағандыда тұрғын үйлерге улы газ датчигі орнатылуда

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында «Өрт қауіпсіздігі күні» аясында xалық арасында үгіт-насиxат жұмыстары жүргізіліп, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты зейнеткерлердің жеке тұрғын үйлерінде улы газ датчигі орнатылды.

Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар қызметі жеке тұрғын үйлерде өрт шығуы және адамдардың қаза болуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған кең ауқымды профилактикалық жұмыстар ұйымдастырды. 16-17 ақпан күндері мамандар 14 мыңнан астам ауланы аралап, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы 31015 адамға нұсқау берген.

«Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу аясында «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері 20 датчикті, Нұра ауданында «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының қолдауымен 20 улы газ датчигін алып, көпбалалы отбасылар мен жалғыз басты зейнеткерлердің жеке тұрғын үйлерінде орнатқандығын атап өткен жөн. Осындай профилактикалық іс-шаралар азаматтарды өрт қауіпсіздігінің қажетті талаптарын сақтауға шақырады, алайда біздің облыстың барлық азаматы азаматтық қорғау қызметкерлерінің ұсынымдарына құлақ аспай жатады», - дейді облыстық ТЖД-ның баспасөз xатшысы Айдана Жүніс.

Қарағандыда тұрғын үйлерге улы газ датчигі орнатылуда

Ведомствоның мәліметінше, Қарағанды облысының ТЖД тұрақты негізде халық арасында өрт қауіпсіздігі саласындағы білімді арттыруға бағытталған әр түрлі үгіт-насихат іс-шараларын өткізеді. Жылыту маусымы басталғаннан бері 50 мыңнан астам ауланы аралап, 150 мыңнан астам адам қамтылған.

«Қысқы уақытта тұрғын секторда өрт қауіпсіздігі мәселесі өткір тұр. Адамдар электр жылыту құралдарын пайдаланады, үйді пеш және газбен жылытады. Оларды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік теxникасын ескермеу орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін», - дейді Айдана Жүніс.

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындардан өрт қауіпсіздігін барынша сақтауға шақырады.

Қарағандыда тұрғын үйлерге улы газ датчигі орнатылуда

«Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыздар, бұл Сіздің үйіңізді және мүлкіңізді өрттен сақтайды, адамдардың өлімі мен жарақаттануын алдын алады. Жатын орында темекі шекпеңіз, темекі тұқылдарын балконнан лақтырмаңыздар. Көп қуатты электр құралдарын бір тоқ көзіне бір уақытта қоспаңыздар, зақымданған электр сымдар жүйесін пайдаланбаңыздар. Сондай-ақ, қолдан жасалған тоқ тасымалдағыштарды қолданудан бас тартып, киім-кешекті газдың және электр плиталардың үстінде кептірмеңіздер. Балалардың отпен ойнауына жол бермеңіздер. Жылыту маусымы басталар алдында пештерді міндетті түрде жөндеуден өткізу қажет. Сонымен қатар, мұржаларды күл-қоқыстан кемінде айына 1 рет тазартып тұрған абзал. Жанар-жағар майды от тұтатуға пайдаланбаңыздар. Жанып жатқан пеш пен электр жылыту құралдарын қараусыз қалдырмау керек. Сондай-ақ, газ баллонды ауыстырғанда баллонның редуктормен герметикалық жалғануын отпен емес сабынды көбікпен тексеруіңіз қажет», - дейді ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Жібек Мұқашева

Өзгелердің жаңалығы