Қарағандыда пәтер өртеніп, 7 бала құтқарылды

5 Ақпан 2019, 12:48
4081
Бөлісу:
Қарағандыда пәтер өртеніп, 7 бала құтқарылды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда кеше түнде көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінен өрт шыққан. Құтқарушылар тілсіз жаудан 13 адамды аман алып қалды, оның жетеуі – бала.

4 ақпан күні түнде Октябрь ауданындағы 15-ықшам аудан, 37-үйдің жетінші қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Көпқабатты үйдің подъезіндегі қою түтін адамдардың сыртқа шығуына мүмкіндік бермей әуреге салады. Оқиға орнына келген құтқарушылар автобаспалдақпен және құтқарушы қалпақпен тұрғындарды эвакуациялады.

«Кеше түнде 22 сағат 12 минутта кезекші бөлімге Октябрь ауданындағы пәтердің өртеніп жатқандығы жайлы хабарлама түскен. Өртті сөндіруге Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 8 арнайы техникасы мен 25 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Олар подъездегі барлық пәтерлерді аралап, адамдардың қалып қоймауын қадағалады. Құтқарушылар қою түтінге оранған подъезден 13 адамды автобаспалдақ пен құтқару қалпағы арқылы қауіпсіз жерге алып шықты. 22:43-те жалын ауыздықталды. Екі бөлмелі пәтердің жатын бөлмесіндегі еден, жиһаздар, пластик тұрба және жылу құбырлары, терезенің ағаш жақтауы жанған. Өрттің жалпы аумағы 10 шаршы метрді құрайды», - дейді Қарағанды облыстық ТЖД-нің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Өртке оранған үйден құтқарылған 2011, 2014, 2016 жылы туған үш баланың денсаулығын қадағалау үшін ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер балаларды медициналық тексерістен өткізді. Қазіргі уақытта олардың жағдайы жақсы, үйлеріне жіберілген.

Пәтер өртінің неден шыққаны анықталып жатыр.

Жібек Мұқашева

Фото: шартты

Өзгелердің жаңалығы