Қарағандыда қоқыс жинайтын жаңа пункттер пайда болды

8 Ақпан 2019, 15:09
2898
Бөлісу:
Қарағандыда қоқыс жинайтын жаңа пункттер пайда болды

Астана, BAQ.KZ. Қарағандыда жаңа, қазіргі заманға сай қоқыс жинау пункттері пайда болады. Алаңдар толығымен қоршалады, жарықтандырылады және бейнекамералармен жабдықталады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің ресми сайты хабарлайды.

Жаңа қоқыс жәшіктерін «ГорКомТранс» компаниясы орнатады. Науқанды Майқұдықтан бастау туралы шешім қабылданды. Қазір кейбір шағын аудандарда ескі қоқыс контейнерлері алып тасталып жатыр. Жаңа алаңдардың қай жерде орналасатыны туралы хабарландыру көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерінің есіктеріне жабыстырылды. Жақын арада бұрын қоқыс жәшіктері болған жерлерге олардың мекен-жайлары көрсетілген тақтайшалар орнатылады.

Компания қызметкерлері қоқысты жинайтын жаңа пункттерді қадағалайды, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайды және контейнерлерге ірі көлемді қоқыс пен құрылыс қоқыстарын жинауға жол бермейді.

«Біздің адамдар үйлерінде қоқысты сұрыптайтын бірнеше шелектері болғанын қаламайды. Бірақ қазір қоқысты бөлек жинау – заман талабы. Сондықтан да біз тұрғындар мұны әдетке айналдырғанша, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаумен айналысатын адамдарды жергілікті жерлерде жалға аламыз деп шештік», - дейді "ГорКомТранс" пайдалану бөлімінің бастығы Регина Слесарук.

Майқұдықта жалпы осындай 12 пункт орнату жоспарланып отыр – әрбір шағын ауданда бір-бірден немесе екі бекеттен. Жұмыстар биылғы жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс.

Ағымдағы жылдың тамыз айының соңына қарай, егер жоба өзінің өзектілігін көрсетіп, коммуналдық қызметтердің жұмысын жеңілдететін болса, осындай заманауи алаңдар қаланың басқа аудандарында да пайда болады.

Компания өкілдері сонымен қатар, құрылыс және ірі қоқысты бұл контейнер алаңдарына тастауға тыйым салынатынын ескертті. Мұндай қалдықтарды өз бетінше шығаруға немесе ол үшін жеке компаниялардың өкілдерін жалдауға болады. Ірі көлемді қоқыстарды шығаруға болатын полигондар Доскей кентінде, «Сарыарқа» ЕЭА-да, «Ресайклинг» компаниясының аумағында және бұрынғы «Западная» шахтасының маңында орналасады. Сондай-ақ ескі жиһаз бен құрылыс қоқыстарын «ГорКомТранс» компаниясының полигонына тапсыруға болады. Ол үшін компанияның кеңсесінде талон алып, қызметін өтеу қажет, содан кейін полигонға жолдама алу керек. Бір текше метр қоқыс шығару құны 464 теңгені құрайды.

Өзгелердің жаңалығы