Қарағандыда мүгедектерге арналған шипажайлық емдеу мерзімі ұзартылады

10 Шілде 2019, 01:35
1270
Бөлісу:
Қарағандыда мүгедектерге арналған шипажайлық емдеу мерзімі ұзартылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аппарат отырысында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Кошанов осындай тапсырма берді. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Бүгінде өңірдегі кембағал жандар қала сыртындағы сауықтыру орталықтарында он күн демала алады.

«Қарағанды облысында мүгедектер шипажайлық-курорттық емдеуге Шучинск қаласындағы «Алмаз» шипажайына 10 күнге бекітілген кестеге сәйкес бағытталады. Облыс тұрғындары кездесулерде, жеке қабылдау барысында шипажайлық-курорттық емдеу күндерінің санын ұлғайту мәселесін бірнеше рет көтерді, - деп мәлімдеді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова.

Оның айтуынша, Қазақстанның басқа өңірлерінде мүмкіндігі шектеулі жандар шипажайда 12 күн демала алады. Қарағандылықтар үшін қала сыртындағы емдеу мерзімдерін ұлғайту үшін бюджеттен қосымша 64 млн теңге бөліну қажет. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Қаржы басқармасына бюджет өтінімдерін бағыттады.

«Өзімнің орынбасарларыма және Қаржы басқармасына осы мәселені реттеуді және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған шипажайлық-курорттық емдеу мерзімдерін ұлғайтуға қаражат іздестіруді тапсырамын», - деді Ерлан Кошанов.

Өңір басшысы жеке көмекшілер мен инватакси беру маңыздылығы туралы да атап өтті.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі 67 620 адам тұрады.



Өзгелердің жаңалығы