Қарағандыда "Ұлытау – Алтын Орданың алтын бесігі" атты көрме ұйымдастырылды

24 Қазан 2019, 15:16
4038
Бөлісу:
Қарағандыда "Ұлытау – Алтын Орданың алтын бесігі" атты көрме ұйымдастырылды
PHOTO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда Алтын Орданың 750 жылдығына орай өткізіліп жатқан "Сарыарқа және Алтын Орда: уақыт пен кеңістік" ғылыми конференциясының аясында құнды жәдігер мен тарихи құжаттарды қамтыған көрме ашылды.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкентану мұражайының ұйымдастырумен Достық үйінде ашылған көрмеге Ұлытау өңіріндегі тарихи ескерткіштердің суреттерімен қатар, өткен жылы археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде Болған Ана кесенесінен табылған экспонаттар қойылған.

"Қазақтан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы үстіміздегі жылдың 24 тамызда Қарағанды өңіріне сапары кезінде "Ұлытау-2019" туристік форумына қатысып, онда «Ұлытау қазақ халқы үшін өте қасиетті жер. Бұл жер ұлы тұлғалар мекен еткен, олардың табаны тиген қасиетті жер. Ұлытауда атақты Жошы хан, Алаша хан кесенелері орналасқан» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтанда бұл көрмеде Ұлытау аймағының киелі жерлері қамтылды", - дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі Нұрболат Алдабаев.

Көрменің тағы бір ерекшелігі – мұнда орта ғасырларға жататын Болған Ана кесенесінен табылған құнды экспонаттардың түпнұсқасын көзбен көруге болады.

"2018 жылы ғалымдар мен мамандар Ұлытаудағы Болған Ана кесенесінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Сол жерден алтын тостаған, алтын сырға, сонымен қатар, адам киімінің қалдықтары табылды. Бұл заттар әйел адамға тиесілі. Қорымнан табылған археологиялық жәдігерлер кесененің нақты қай уақытқа тиесілі екендігін анықтауға мүмкіндік берді, яғни бұл 13-14 ғасырларға жататын адамның мүддесі. Көрмеден тамашалап отырған алтын тостағанның түпнұсқасы. Тостағанның салмағы 244 грамм, жоғары сынамалы алтыннан жасалған. Қорымнан табылған бас сүйекке қазір антропологиялық зерттеу жасалып жатыр. Осы арқылы алдағы уақыттары кесенеде жерленген мүрденің бет-бейнесі анықталатын болады", - деді Нұрболат Алдабаев.

20191023_115900.jpg

Болған Ана кесенесінен табылған жәдігерлер мен әшекейлерге қатысты Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының басшысы да өз пікірін білдірді.

"Алтын тостағанның ішіне қарасаңыз, қызғалдақтың суреті салынған. Бұл қызғалдақты әлі күнге дейін біздің апаларымыз, қыздарымыз көрпе, кимешек, киім тіккенде тура солай тігеді. Тостағанның сыртына қарасаңыз қазақша қошқар мүйіз өрнегі дөңгеленіп салынған. Қошқар
мүйіз оюы да әлі күнге еш өзгерген жоқ, оны дәл осылай салады. Бұл нені білдіреді? Сол замандағы мәдениет тек бізге тән. Және де тек бізге ғана тән. Себебі, қошқар мүйізді біз ғана саламыз. Бұл сол заманда өмір сүрген адамдардың біздің бабалаларымыз болғандығын, сол
дәуірдегі мәдениет, дәстүр бізге жеткендігін көрсетеді", - дейді Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев.

Сонымен қатар, Достық үйінің алдындағы алаңда қарағандылық қолөнершілердің туындылары қойылып, көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Қарағандыда Алтын Орданың 750 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми конференция жұмысын бастады. Үш күнге созылатын шара барасында шетелдік және отандық ғалымдар мен тарихшылар Алтын Орда тарихына қатысты зерттеулерімен, деректерімен бөлісіп, пікір алмаспақ. Қарағандының Достық үйінде бастау алған шара, Жезқазған өңірінде, оның ішінде Ұлытау аймағында жалғасын табатын болады.

Өзгелердің жаңалығы