Қарағандыда «Jas Qalam» жас журналистердің форумы өтті

22 Қыркүйек 2019, 17:16
3154
Бөлісу:
Қарағандыда «Jas Qalam» жас журналистердің форумы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 21 қыркүйекте Қарағанды қаласында ҚР Тұңғыш президенті – Елбасының қоры және Қазақстан жастарының конгресі ұйымдастырып отырған республикалық «Jas Qalam» жастар журналистикасын дамыту жобасы басталды.

«Jas Qalam» − Қазақстанның қазіргі журналистері, журналистика және филология факультетінің студенттері, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары және блоггингке қызығушылық танытатын басқа да жастарды журналистік саланың қыр-сырына үйрететін ерекше жоба. 

«Jas Qalam» жобасының мақсаты – Қазақстандық журналистиканы дамыту, жас журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру, журналистика трендтерін, телевизиялық және баспа материалдарын сапалы берудің әдістері мен тәсілдерін үйрету, жастардың қоғамдық белсенділігін және олардың өз қаласы не облысының тынысын сипаттаудағы қатысын арттыру.

2 айға созылатын жоба Қазақстанның 7 қалаларын қамтитын болады: Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Атырау, Ақтөбе, Шымкент және Талдықорған. Әр қалада 100-ге жуық жас тілшілерді оқыту, кәсіби біліктілігін арттыру жоспарлануда.

Жобаға 16 мен 29 жас аралығындағы жас журналистер және болашақта журналист боламын деген жастар қатыса алады. Форум тележурналистика, баспа және интернет- журналистика және блоггинг бойынша мастер-кластар форматында өтеді. Мастер-кластар барысында қатысушылар теориялық білімімен қоса, ТВ-дегі түсірілімдер, тікелей эфирді жүргізу, сюжеттер, мақалалар жазу, интервью алу, сонымен қоса, жеке блог, әлеуметтік желілердегі аккаунттарды жүргізу, сторителлинг, копирайтинг, болашақ журналист не блогерлік имиджін қалыптастыру бойынша практикалық тәжірибе алады. 

Форумның спикерлері ретінде медиатренерлер және Отандық БАҚ-тың жұлдызды журналистері − ҚР Білім және ғылым министрінің БАҚ-пен байланыс мәселелері бойынша кеңесшісі, журналист, «Басты Тақырып» Atameken Business телебағдарламасының жүргізушісі – Ерболат Мұхамеджанов; Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы, медиа-тренер, коммуникациялар бойынша эксперт және PR-консультант – Ақерке Берлібай; «КТК» телеарнасының тілшісі – Ардақ Мауина; Қарағанды қаласында 100 шақты қатысушылар үшін шеберлік сабақтарын өткізді.

Қазақстан жастар конгресінің мәліметінше, спикерлер өзінің медиа саладағы тәжірибесімен бөлісіп, виртуалды шындық журналистикасы, ақпараттық сауаттылыққа, фактчекингке және заманауи телевидениемен жұмыс жасаудың қыр-сырын, интернет-ресурстармен және әлеуметтік желілермен жұмыс жасауды үйретті. Қазіргі тілшілердің жасайтын қателері, материалдарды дайындау форматтары және т.б. көкейкесті мәселелерге спикерлер баса назар аударды.

«Jas Qalam» жобасы – бұл еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық жағдайының БАҚ-да жариялануы; масс-медианың трансформациясындағы жас журналистердің алатын орны; ақпараттардың шынайылығы; негативті контентпен жұмыс жасау; қазіргі ақпарат құралдарымен жұмыс жасауды қызу талқыға салатын ерекше, алабөтен платформа. "Jas Qalam" жобасының төңірегінде өтетін оқу жастарға көп дүниелерді танып білуге, болашақ журналистердің жаңа легін құруға көмектеседі деген ойдамыз!», - деді Ақерке Берлібай.



Өзгелердің жаңалығы