Қарағандыда бес көпбалалы отбасы пәтер алды

2 Маусым 2020, 09:40
986
Бөлісу:
Қарағандыда бес көпбалалы отбасы пәтер алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балаларды қорғау күніне орай Қарағандыда бес көп балалы отбасы баспаналы болды. "Талбесік" қоғамдық бірлестігінің қатысуымен Пәтерлерді сатып алуға демеушілер қаржылай көмек көрсетті.

Олар біз ұсынған 16 отбасының жетеуін таңдап алды, бұл отбасылар төрттен онға дейінгі балалар тәрбиелеп отыр. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандар да бар. Бүгінгі күні баспаналы болған жанұялардың бесеуі тиісті құжаттарды ресімдеді, ал екеуі пәтер іздеумен айналысуда. Біздің демеушілеріміз сонымен қатар он отбасының барлық несиелерін толық төлеуге көмектесті. Сондай-ақ бір жыл аралығында олар үш пәтрді жалға алу төлемін өтеп бермек, - дейді «Талбесік» көп балалы аналар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ләззат Қожахмет.

Алты баланың анасы Гүлзат Сулешова үш жылдан астам тұрғын үй кезегінде тұрған, бүгінгі таңда оның арманы орындалды.

Мен жесірмін, жалғыз өзім алты баланы тәрбиелеп отырмын. Үлкен балам колледжде оқиды, ал ең кішкентайым 3 жаста. Бұған дейін пәтер жалдап тұрдық. Бүгін, балалар мерекесінде бізге осындай сыйлық жасап отыр – біз үш бөлмелі пәтер алдық. Көмектескендердің барлығына үлкен рахмет! – деп Гүлзат Сүлешова қуанышымен бөлісті.

Мен бес баланың анасымын, күйеуім жалғыз өзі жұмыс істейді. Біз пәтер жалдап тұрдық, қиын болды. Бірақ демеушілердің арқасында екі бөлмелі пәтерге ие болдық, - дейді Алтынай Кенжебаева. - Енді тұрғын үй үшін төленген ақшаны балаларға жұмсай аламыз. Барлық демеушілерге алғыс білдіремін. Өз баспанасы бар осындай отбасылар көп болсын! Барлығыңызға татулық пен жақсылық тілеймін, балалар бақытты болсын!

Сонымен қатар, "Талбесік" ұйымы "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ көмегімен бүгін, 1 маусымда Қарағандыдағы балаларға 140 тәтті сыйлықтар таратты.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың ақпан айында елордада өрт салдарынан бес бала қаза болған қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанның қалалары мен ауылдарында әйелдер өз құқықтарын қорғап, мәлімдеме жасау үшін ортақ бір қозғалыс құрып, біріге бастады. Қарағандыда "Талбесік" ҚБ көпбалалы ана және журналист Ләззат Қожахмет басқарды. "Талбесік" бірлестігі Қарағанды мен Қарағанды облысының әйелдерінің басын біріктіріп отырған ұйым. Бүгінгі таңда Қарағанды, Қарқаралы, Теміртау, Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы екі мыңнан астам көп балалы аналары біріккен.

Бір жарым жыл аралығында "Талбесік" қозғалысы ауқымды жұмыс атқарған. Ұйым өз қызметінің келесі кезеңін көп балалы аналарға жаңа мамандықтар игеруде, бизнес ашуда, гранттар алуда және шағын несиелеуде ақпараттық көмек көрсетуге бағыттамақ.
 

Өзгелердің жаңалығы