Қарағанды облысының мектептері бейнебақылаумен қамтамасыз етіледі

11 Шілде 2020, 07:35
1764
Бөлісу:
Қарағанды облысының мектептері бейнебақылаумен қамтамасыз етіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында 1 қыркүйекке қарай 124 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Әрбір оқу орны бейнебақылау жүйесімен жабдықталады. Жаңа оқу жылына дайындық туралы Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев айтып берді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.

Алдағы оқу жылындағы мектептердің жұмысына қатыста ең басты мәселе – қашықтан оқытуға көшу. Басқарма басшысының айтуынша, қыркүйек айында оқушылардың қалай оқитыны аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады.

Егер COVID-19 вирусының деңгейі бізге дәстүрлі оқу түріне оралуға мүмкіндік бермесе, оқу үдерісін ұйымдастырудың нұсқалары анықталды. 507 мектептің 322-сінде интерактивті платформаларда қашықтан оқыту жоспарланған, 112 мектепте аралас формада және 73 мектепте сабақ штаттық режимде өтеді, – деді ол.
Есенғазы Иманғалиев оқыту жүйесіне қатысты әлеуметтік желілердегі хабарламаларға сенбеуге және шынайы дереккөздерден алынған ақпаратқа назар аударуға шақырды.

Биылғы жылы мектепке алдын ала есептеу бойынша 23 мыңнан астам бүлдіршін 1-сыныпқа барады. Өтініштер 1 тамызға дейін онлайн-режимде де, дәстүрлі түрде де қабылданады. Пандемия мен емханалардағы жүктеменің жоғары болуына байланысты медициналық анықтамаларды оқу жылы басталғанға дейін негізгі құжаттар пакетін тапсырғаннан кейін тапсыруға болады.

Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар ыстық тамақпен, мектеп жабдықтарымен және формамен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, олардың мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі.

Білім беру бөлімдерінің алдын ала мәліметтері бойынша 4 787 оқушыға осындай көмек көрсетіледі.

Қазір өңірдің барлық білім беру мекемелерінде алдағы оқу жылына белсенді дайындық жүріп жатыр.

Жөндеу жұмыстары 433 нысанда жүргізілуде. 124 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Оқу жылының басында ауылдық мектеп ғимаратында бұрын көшелерде орналасқан 118 дәретхана ғимарат ішіне ауыстырылады.

1 қыркүйекке қарай облыстың барлық орта оқу орындарында бейне бақылау жүйесі орнатылады.

Биылғы жылы мұғалімдер мен оқушыларға 1 495 стационарлық компьютер, 250 ноутбук және 1 119 планшет сатып алынды. Оқу жылы басталғанға дейін тағы 1 655 бірлік компьютерлік техника сатып алу жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы