Қарағанды облысының әкіміне 100-ден астам сұрақ қойылды

22 Қараша 2019, 07:52
2336
Бөлісу:
Қарағанды облысының әкіміне 100-ден астам сұрақ қойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке  өңірдің барлық тұрғынынан 100-ден астам сұрақ келіп түсті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Азаматтарды қабылдау күнінде барлық тілек білдіруші Жеңіс Қасымбекке және облыстық басқармалардың басшыларына тікелей хабарласу мүмкіндігіне ие болды.

Тұрғындардың басым бөлігі өңірдің бірінші басшысынан жұмысқа орналастыру, үй алу және жеке сипаттағы мәселелерін шешуге көмектесуін сұрады. Сонымен қатар, аулаларды абаттандыру, қоғамдық көлік, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу тақырыптары да қозғалды.

Мысалы, Фин кентінің тұрғыны Нина Лапушкина Жеңіс Қасымбектен аудандағы жолдардың жағдайына назар аударуды сұрады.

Кенттің бас көшесі болып табылатын Шаумян көшесінде асфальт жоқ. Онда жүру өте қиын, ал көктемде және күзде балшықтан өту тіптен мүмкін емес. Жарық жоқ, кенттегі көшелер қараңғы, - деді ол.

Облыс әкімі кенттің бас көшесін абаттандыру үшін қаржыландыру көздерін табуға уәде берді. Сондай-ақ, ол 2020 жылы Қарағандыда көше шамдарын орнату және қосу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілетінін хабарлады. Алдын ала есептеу бойынша қазір қалада 600-ден астам қараңғы көше бар.

"Көгілдір тоғандар" шағын ауданының тұрғыны да өңір басшысына абаттандыру мәселесі жөнінде өтініш білдірді. Ол облыс әкімінен орамішілік жолдарды асфальттау және "жасырын полицейлер" орнатуға қатысты көмек көрсетуді сұрады. Аймақ басшысы облыс орталығындағы аулалар 2018 жылдан 2020 жылға дейін үш жылға бекітілген кесте бойынша жөнделетінін мәлімдеді. Тек биылғы жылдың өзінде "Көгілдір тоғандар" шағын ауданында № 4, 6, 11, 12, 13 және 14-үйдің аумағы жөнделді, "Инсар" дүкенінен Восток-5 шағын ауданына дейін баратын және "Толағай" балабақшасының жанынан өтетін орамаралық жол жөнделді.

Сондай-ақ, азаматтардың көбісін тұрғын үй алу мәселесі толғандырды. Аймақ басшысы қазіргі таңда жоспар жасалып, бекітілгенін және де соған сәйкес 2020 жылы облыста 650 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін, оның 400 мыңы Қарағандыда орналасқанын мәлімдеді. Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 578 көпбалалы отбасы мен 1339 адамды жалға берілетін пәтерлермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтарды бірыңғай қабылдау күні республика бойынша өтті. Облыс, қала және аудан әкімдері, ІІМ, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, басқармалардың, департаменттердің, бөлімдердің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың өкілдері азаматтардың сұрақтарына жауап берді.

Өзгелердің жаңалығы