Бас жаңалықтар
Қарағанды облысында көпбалалы отбасылардың балалары сауықтыру шараларымен қамтылмақ
21 Мамыр 2019, 10:27 365

Қарағанды облысында көпбалалы отбасылардың балалары сауықтыру шараларымен қамтылмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында көпбалалы отбасылардың барлық баласы 100% сауықтыру шарасымен қамтылған. Бүгінгі Үкімет отырысында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жазғы маусымда балалар демалысының ұйымдастырылу барысымен таныстырды. 

«Мектеп оқушыларының 95% жазғы демалыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл былтырғы көрсеткіштен 9 мың балаға артық. Осы жоспарды орындау үшін барлық мүмкіндік пайдаланылуда. Бюджеттік қаражаттан бөлек кәсіпорындар қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, дамыған инфрақұрылым да бұған оң ықпалын тигізіп отыр. Биылғы демалыс маусымының ерекшелігінің бірі – көпбалалы отбасылардың барлық баласын 100% сауықтыру шараларымен толық қамту. Екіншіден, балалар үйлерінің барлық тәрбиеленушісі мен девиантты мінез-құлықты оқушылар 100% жазғы лагерьлерде демалатын болады», - деді ол.

Облыс басшының айтуынша, республикамызда көпшілік білетін «Балдәурен» лагерінің филиалы Балқаш қаласында ашылады.

«Балалардың барлық санатын қамтуды көбейту үшін, біріншіден, бұрынғы лагерьлер қалпына келтірілді. Сонымен қатар, жаңа лагерьлер ашылып жатыр. Мысалға, Балқаш қаласында алғаш рет «Балдәурен» лагерінің филиалы жұмысын бастайды. Бұл ғимаратта бұрын «Қазақмыс» корпорациясының профилакториясы болған. Оны корпорация биыл мемлекетке тарту етіп отыр. Балалардың 280 орындық «Факел» сауықтыру орталығы да биыл қалпына келтірілді», - деді Қошанов.

Сонымен қатар, биыл өңірде жазғы демалыс маусымына арналған жаңа жоба қолға алынбақ.

«Біз маңыздылығын ескере отырып, облыста отбасылық демалыстар ұйымдастыру мәселесін қолға алдық. Бұл бастамаға өңірдегі ірі кәсіпорындар тартылып отыр. Сондықтан биылғы жаз маусымынан бастап жаңа «Отбасылық демалыс» жобасын іске қосамыз», - деді ол.

Ерлан Қошанов Қарағанды облысында балаларды жұмыспен және бос уақыттарын өткізумен қамту 99% құрап отырғанын атап өтті.

«Облыс бойынша барлығы қала сыртындағы 12 лагерь, мектеп жанындағы 348 лагерь және 339 профильдік алаң жұмысын бастайды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында палатка және киіз үйдегі туристік лагерьлердің желісі көбейтіледі. Балалар үшін облыстың киелі жерлері мен Нұр-Сұлтан қаласына саяхат ұйымдастырылады. Балаларды жұмыспен және бос уақыттарын өткізумен қамту 99% құрап отыр. 10 мыңнан астам кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Ауыл балалары үшін алғаш рет 100 спорт нұсқаушысы штатын аштық. Қаражат мәселесі жергілікті бюджет есебінен шешілді. Жазғы демалыс кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар кешені жүргізілуде. Әсіресе, судағы қауіпсіздікті сақтауға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Жалпы алғанда облыс жазғы демалысқа толық дайын», - деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық