Қарағанды облысында 800-ден астам кәсіпкер қаржылай қолдау алды

10 Шілде 2020, 01:34
1385
Бөлісу:
Қарағанды облысында 800-ден астам кәсіпкер қаржылай қолдау алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында карантинге қарамастан бірқатар салада кәсіпкерлік белсенділік артты. Мемлекет оларға қиын жағдайға төтеп беруге көмектеседі. Жыл басынан бері 800-ден астам кәсіпкер қаржылай қолдау алды. 

Бұл туралы Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Абылаева Zoom платформасында өткен онлайн-брифингте мәлім етті.

Бизнесті қолдау "Бизнестің жол картасы – 2025", "Еңбек", "Қарапайым заттар экономикасы", "Жұмыспен қамтудың жол картасы" сияқты бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылады. Биыл мемлекеттік бағдарламалар арқылы облыстың кемінде 2,5 мың кәсіпкерін қолдау жоспарланып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Қаржылық қолдау шараларын қазірдің өзінде 832 кәсіпкер алды, - деді басқарма басшысы.
  
Оның айтуынша, "Бизнестің жол картасы" бойынша 296 жобаны қолдауға қаражат қарастырылған. Қазірдің өзінде 4,2 млрд теңге сомасындағы инвестиция арқылы 99 жоба қаржыландырылды.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиені 78 отандық өндіруші мен шаруа қожалықтары пайдаланды.

Тағы 91 жоба төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағдарламасы бойынша қолдау тапты.
"Еңбек" бағдарламасы бойынша қала кәсіпкерлеріне 210 шағын несие берілді. Ауылдық жобалар да қолдау табады.
Биыл жалпы сомасы 600 млн теңгеден астам 900-ге жуық кәсіпкерді гранттық қаржыландырумен қамту жоспарлануда. Бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 381 грант берілді.

Бұдан өзге, қаржылық емес қолдау шаралары қолданылады. Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісовтің айтуынша, "Бастау Бизнес" курстарында 800 адам оқып шыққан.
Сонымен қатар қашықтан оқыту формасы тыңдаушылардың санын көптеп тартуға мүмкіндік бергендігін атап өтті ол.

Кәсіпкерлік басқармасы басшысының мәліметінше, облыста дағдарысқа қарсы шаралар аясында 30 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі салық демалысын және төлемдерді кейінге қалдыруды пайдаланған.
Облыста экономикалық қызметтің 12 саласында кәсіпкерлік белсенділіктің артуы байқалды. Бұл - өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету секторы сияқты салалар. Электрондық коммерция да жаңа серпін алды. Яғни, бизнес жаңа жұмыстың жаңа нысандарын іздейді, жағдайға бейімделуде. Ал Үкімет қабылдаған шаралар бизнеске осы қиын жағдайларға төтеп беруге көмектеседі, - деп мәлімдеді Татьяна Абылаева.

Өзгелердің жаңалығы