Қарағанды облысында 8 адамды үсік шалды

6 Ақпан 2019, 17:23
2584
Бөлісу:
Қарағанды облысында 8 адамды үсік шалды

Астана, BAQ.KZ. Қарағанды облысында 4 және 5 ақпанда үсік шалған сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың алтауы ауруханаға жатқызылды, екеуі амбулаторлы түрде ем алып жатыр. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

6 және 7 ақпанда түнде өңірде -37-42 градусқа дейін қатты аяздар күтілуде. Кей жерлерде,көбінесе облыстың солтүстігінде, ауа температурасы 45 градусқа дейін төмендейді.

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасында бұл күндері жылы киініп, қажет болмаған жағдайда далаға шықпау керектігін еске салады.

Денені үсік шалғанын келесі нышандар бойынша анықтауға болады: дене температурасының төмендеуі, қалтырау, кейде теріде көгерген мәрмәр іспеттес дақтардың пайда болуы, ұйқының келуі. Екінші, үшінші және төртінші дәрежелі үсік шалу кезінде екінші-үшінші күні тері күлдіреп, үскен жерде тері жансыздана бастайды.

Үсік шалған бетте зардап шегушіні дереу жылы жерге орналастыру қажет. Егер жай мұздаған болса, үскен тері бөліктерін жылы лебіңізбен жылытып, сәл уқалау қажет, сонан соң дәкемен таңып тастаған жөн. Үскен теріге май немесе жақпа майлар жағуға болмайды. Ал егер үсік қатты шалғаны байқалса және зардап шегуші қатты ауыртпалық сезінсе, оны жылы жерге орналастырған бетте жедел жәрдем шақыру керек.

Өзгелердің жаңалығы