Қарағанды облысы Нұра ауданына жаңа әкім тағайындалды

17 Қыркүйек 2019, 02:15
2755
Бөлісу:
Қарағанды облысы Нұра ауданына жаңа әкім тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұра ауданының әкімі болып 47 жасар Аян Шалмағанбетов тағайындалды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Осыған дейін Аян Шалмағанбетов Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасының басшысы болып жұмыс істеген. Оның кандидатурасын аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында аймақ басшысы Ерлан Қошанов ұсынды және депутаттар өз келісімін берді.

Бұрынғы әкім Есет Байкен басқа мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты аудан басшысының орны бос болды. Ол қазір Нұр-Сұлтан әкімі аппаратының басшысы болып жұмыс істейді. Облыс әкімі оған табыс және тұрғындардың игілігі үшін жемісті еңбек етуді тіледі.

Аян Шалмағанбетов өңір басшысы мен аудандық мәслихат депутаттарына сенім білдіргені үшін алғысын білдірді.

Мемлекеттік қызметте, оның ішінде мемлекеттік органдардағы үлкен тәжірибесі жаңа әкімге ауданда жұмысты оңтайлы ұйымдастыруға және қойылған міндеттерді орындауға көмектеседі, деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Аян Шалмағанбетов 1972 жылы 14 ақпанда Нұра ауданы Киевка кентінде дүниеге келген. «Экономист-менеджер», «құқықтану бакалавры» біліктілігі бойынша екі жоғары білімі бар. Ақмола аграрлық университеті мен Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ бітірген.

Еңбек жолын құрылыста жұмысшы болып бастаған. «Қазақстан темір жолы» РМК-да жұмыс істеді, онда жетекші маманнан басқарма бастығының орынбасарына дейінгі еңбек жолын жүріп өтті. Коммерциялық құрылымдарда жұмыс тәжірибесі бар.

Мемлекеттік қызметте 2012 жылдан бастап. Орталық атқарушы органдарда басшылық қызметтерде: ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде, ҚР Ұлттық экономика министрлігінде жұмыс істеді.

Қарағанды облысының экономика және қаржы басқармасы басшысының орынбасары болды. 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап осы лауазымға тағайындалғанға дейін облыстық жер қатынастары басқармасын басқарды.



Өзгелердің жаңалығы