Қарағанды оқиғасы: Күдікті Гурурян Ресейде қолға түсті

9 Қаңтар 2019, 19:13
2086
Бөлісу:
Қарағанды оқиғасы: Күдікті Гурурян Ресейде қолға түсті

Астана, baq.kz. Қарағандыдағы төбелестен кейін бой тасалаған Нарек Гурурян Ресейде қолға түсті. Бұл туралы ҚР ІІМ Ішкі жəне сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлімдеді.

«Бүгін Қазақстан ІІМ криминалдық полиция қызметкерлері Ресейдің құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, Омбы облысының территориясынан Қарағандыда 1 қаңтарға қараған түні бұзақылық әрекет жасады және адам өлтірді деген күдікке ілінген армениялық Нарек Гурурянды ұстады. Қазіргі уақытта заңнамаға сəйкес оны Қазақстан аумағына жеткізу мəселесі шешіліп жатыр», - деп хабарлады Сәдубаев.

Айта кетейік, осыған дейін 2018 жылдың 31 желтоқсанынан 2019 жылдың 1 қаңтарға қараған түні шамамен таңғы 04:30-да Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасының аумағында төбелес болып, 23 жастағы жігіт қаза тапқанын жазғанбыз.

Кеше Астанада өткен брифингте Қарағандыда болған төбелес ұлтаралық қақтығыс негізінде туындамағанын, төбелестің неден болғанын, оған қанша азаматтың қатысқанын, күдіктінің бірі Ресейге қашып кеткенін хабарлағанбыз.

Сондай-ақ «Древний Рим» мейрамханасында болған қанды оқиғаның толық хронологиясын да жариялағанбыз.

Өзгелердің жаңалығы