Бас жаңалықтар
Арқалықтық палуан «Қостанай қыраны» атанды
24 Сәуiр 2019, 16:50 489

Арқалықтық палуан «Қостанай қыраны» атанды

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президентінің жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық іріктеу кезеңінде Арқалық қаласының палуаны Ғабит Балғынбаев жеңіске жетіп, «Қостанай қыраны» атанды.

 
Жарыстың бірінші күнінде аудан-қалалардан келген спортшылар 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Жүлдегерлердің бәріне ақшалай сыйлықтар табысталды.



«Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен іріктеу кезеңін екінші жыл қатарынан ұйымдастырдық. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 800 мың теңге. Жалпы, турниріміз дау-дамайсыз, өте жақсы деңгейде өтті деп есептеймін», - дейді «Социум және мен» қоғамдық бірлестінің төрағасы Абай Дүйсеков.

Бас төреші Азамат Ерәділов осы жарыста болашағынан көп үміт күттіретін палуандардың көзге түскенін айтады.

«Алмас Жұмағали, Рысбек Дәуіт, Аслан Сағитбек сияқты жас палуандар жақсы күресе білді. Олар қалыптасып қалған спортшылар екенін көрсетті», – дейді Азамат Ерәділов.


Екінші жарыс күнінде түйе палуан бәсекесіне 20 спортшы қатысты. Финалға арқалықтық Ғабит Балғынбаев пен Амангелді ауданының палуаны Асылбек Әбдіров шықты. Тартысты өткен белдесуде Арқалықтың палуаны қарсыласының сәл босаңсығанын сәтті пайдаланып, таза әдіске түсірді. Сөйтіп, 33 жасар палуан «Қостанай қыраны» атанып, 300 мың теңгені қанжығасына байлады. Күміс белдік иегері, 28 жасар Асылбек Әбдіровке 150 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Екеуі республикалық турнирде облыс намысын қорғамақ. Үшінші орын қостанайлық Дәулетхан Қосмағамбетовтың еншісіне бұйырды. Спортшыларды салтанатты түрде Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев марапаттады.

«Облыстық іріктеу жарысына жеті жылдан бері қатысып келемін. Биыл бағым жанып, шешуші кезеңге жолдама алып отырмын. Бұл бір жағы жетістік болғанымен, екіншіден, үлкен сын. Сол үшін мықты дайындалу керек», – дейді жеңімпаз.


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық