"Ақ жол" ДП: Бұл - көреген шешім!

20 Наурыз 2019, 00:22
2445
Бөлісу:
"Ақ жол" ДП: Бұл - көреген шешім!

Астана, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттіктен бас тартуы туралы «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері де өз ойларын ортаға салды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Алматы облысы филиалының төрағасы, Талдықорған қаласының кәсіпкері Мейраш Шынасылова пікір білдірді.

"Бүгінгі Елбасының xалыққа жолдауы, мені және менің жақындарымды қатты ойландыруда. Біз осындай шешімге дайын емес сияқтымыз.  Елбасының елімізге деген еңбегі орасан зор, мемлекеттің өркендеуі, xалықтың әл-ауқатының жақсаруы, дүние жүзіне танымал болуы, елімізде болған тағы басқа көптеген өзгерістің барлығы осы тұлғамен байланысты. Жылдар бойы xалқына бағыт-бағдар беріп, болашаққа жетелеген Елбасын менің ойымша xалқы құрметтейді, сыйлайды, жақсы көреді. Н.Ә.Назарбаевтың саясатының арқасында еліміздің жастары шет мемлекеттерде білім алуға қол жеткізді, өздерінің білімдерін шыңдады. Менің отбасымнан екі балам шет мемлекетте оқуда. «Болашақ» бағдарламасы теңдесі жоқ бағдарлама десем артық болмас", - дейді ол.

Ол Елбасының кәсіпкерлікті дамытуда атқарған еңбектерін жоғары бағалады.

"Елбасының еліміздің кәсіпкерлеріне жасаған көптеген бағдарламасы аяғына нық тұратын кәсіпкерлер қатарын ұлғайтты. Қазіргі таңда өз кәсібін дөңгелетіп отырған мыңдаған кәсіпкерлер класы пайда болды. Нарықтық экономиканың пайдасын түсінген азаматтарға қазіргі уақытта "үлкен мүмкіндіктер" есігі ашық. Осы айтылған бір-екі мысалдың өзінен Елбасының болашаққа деген көзқарасын, көрегендігін айқын байқауға болады. Егер де Елбасы алдағы президенттік сайлауға қатысатын болса, xалық 100% қолдайды деп ойлаймын. Әрине, Елбасының қабылдаған шешіміне қарсы тұра алмаймыз. Бұл кемелденген тұлғаның шешімі! "Өзіне-өзі сын көзімен қарамайтын xалық болашағына көп үміт арта алмайды. Біз бойымыздағы озығымыздан үйреніп, тозығымыздан жирене білсек қана өркениетті мемлекет, еңселі ел боламыз" деген Елбасының сөзі биік тұлғаның дәлелі", - дейді Мейраш Шынасылова.

Сонымен қатар, Ақ жол партиясы ОК хатшысы, журналист Арман Сқабылұлы да Елбасының бұл жолғы шешімін екіұдай сезіммен қабылдағанын айтады.

"Қазақтың Жаңа жылы - Наурыз мейрамы қарсаңында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Өз басым бұл жаңалықты екіұдай сезіммен қабылдадым. Қанша дегенмен бүкіл отыз жылдық еңбек ғұмырым осы бір тұлға қазақ мемлекетін басқарған дәуірмен тұспа-тұс келіпті. Сексен тоғызыншы жылы газет редакциясының табалдырығын аттаған сәттен бастап журналистік жұмыс дәл Назарбаев дәуірінде өтті. Бір рет Нұрсұлтан Әбішұлынан сұхбат алдым. Елдегі жағдай өте қиын кезең болатын. Қазіргідей дайын сұрақтар емес, көңілім қалаған, көптен көкейде жүрген сауалымды қойғаныма бүгін ешкім сенбейтін де шығар!", - дейді ол.

Ол Елбасымен бірге жүрген сапары туралы да тебірене еске алады.

"Үш-төрт рет Президентпен сапарлас болып, оның кездесулерінен репортаждар жасадым. Тіпті бірде, солтүстік облыстарды аралаған сапарында аядай тікұшақ ішінде Қазақстанның Президенті, Премьер-министрі және "Хабардың" тілшісі Арман Сқабылұлы үшеуі ғана отырған кездер де болды. Нұрекең қазақша газет оқып, Премьері мәскеулік басылымдарды парақтап отырғаны да есте қалыпты. Кемшіліксіз адам болмайды. Ал, саясаткердің жолы тіпті ауыр. Халқының жүз пайызы қолдап, жақсы көретін саясаткер болады дегенге тіпті сенбеймін. Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тарихындағы қайталанбас тұлға екені рас. Енді Тәуелсіздік пен Назарбаев қатар аталатын болады. Енді қалай болар екен? Жасыратыны жоқ, биліктің бір күні ауысатынын бәріміз білдік. Тек қандай жолмен болатынына алаңдадық. Тұтас елді тоз-тоз етіп жіберуге дайын күштер бүгінде жетерлік. Меніңше, бүгін соның алдын алудың алғышарты жасалды. Тұңғыш Президент өкілеттігін тоқтатты. Өтпелі кезеңнің Президенті белгілі болды. Әрі қарай ешбір "майдансыз" бәрі дұрыс болуы тиіс! Қазаққа керегі осы! Бұл шешім - көреген шешім!", - дейді Арман Сқабылұлы.

Өзгелердің жаңалығы