Бас жаңалықтар
Ақылбек Күрішбаев: Басқарушылардың жаңа буыны өсіп келеді
10 Шілде 2019, 09:51 411

Ақылбек Күрішбаев: Басқарушылардың жаңа буыны өсіп келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақылбек Күрішбаев биылғы университет бітірушілерін құттықтау сөзінде осылай деді.

«Мен Қазақстанның болашағы зор екеніне сенімдімін. Ең бастысы, басқарушылардың жаңа буыны өсіп келеді. Олар ерекше қабілетті жастар, «ұстаздан шәкірті озар» дегендей өте дарынды! Мен мұны С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жастарына және барша еліміздің білімді жастарына қарап айтып отырмын.  Осы жылы университет түлектеріне бакалавр және ғылым магистрі дипломдарын өз қолыммен дипломдарын табыстадым. Себебі мен білім ордасының басшысымын. Жастардың қуанышына ортақ болуды өзіме міндет санаймын. Сіздерді тағы да құттықтаймын, сіздер - еліміздің болашағысыздар! Биылғы жылы ҚазАТУ ды бітіріп шыққан барлығы 2444 түлегіміздің әрқайсысына өз қолымнан дипломдарын табыс еттім. Ақ жол тіледім», - деді ректор.

Қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті еліміздегі ауылшаруашылығы саласы бойынша алдыңғы қатардағы білім ордасына айналып отыр. 

Заман талабына сай білім беретін оқу орыны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингісіне сәйкес, білім беру бағдарламаларының сапасы және ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау жүйесі бойынша ауылшаруашылық жоғары оқу орындарының арасында І орынды иеленді

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың  8 факультет құрамына 42 кафедра, 27 ғылыми-зерттеу орталығы және әскери кафедра кіріп отыр. Аталған ғылыми зерттеу орталықтары жаңа заманғы зерттеу аппараттарымен жабдықталып, ғалымдардан бөлек студенттердің де ғылыммен айналысуына зор мүмкіндік жасалып келеді. Ал осы 2019 жылы ҚР ЖОО-ның ТОП-20 рейтингісінде ІІІ орынды иеленуі ғылымдағы зерттеулер көкжиегін одан әрі кеңейте түсті деп атап өтуге болады. 

Күні кеше Парижде әлемдегі ең үздік 10 аграрлық ЖОО-ның қатарына кіретін AgriParisTech университетімен (Франция) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум негізінде алдағы бес жылдықта С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін бітіріп шыққан түлекке Францияның AgriParisTech университетінің дипломы қоса берілмек. Бұл дегеніміз эуропа біздің мамандарды, дипломды мойындайды деген сөз. Шындығын айтқанда бұл үлкен жетістік.      

"Бізге осындай ауыл шаруашылығы бағытында білім беретін әлемдік көшбасшының келуін «тың өзгерістерге жасалған алғашқы қадамның басы» деп бағалаған жөн. Дегенмен, бұл шешімді француз әріптестеріміз ҚазАТУ-дың оқытушылары мен студенттерінің әлеуетті мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеп, ұзақ ойланып барып қабылдағанын айта кету керек. Мұндай көшбасшылармен серіктестікке қол жеткізу де оңай емес, себебі бұл жерде AgriParisTech университеттері мен олардың жеке имиджі бірінші орында тұрғандығын да естен шығармаған абзал" - дейді Ақылбек Күрішбаев.  

Осыған сәйкес университетте француз профессорларымен халықаралық деңгейдегі жаңа оқу бағдарламаларын бірлесе әзірлену жұмыстары жүргізілу  үстінде.

"Алдағы уақытта біз де өз елімізде әлемнің үздік университеттеріндегі сияқты ауыл шаруашылығының кәсіби мамандарын дайындай алатынымызға сенімдімін. Өйткені біз мұны қалай істеу керектігін білеміз және кезіндегі Сингапур, Малайзия, Аргентина, Чили, Қытай және басқа да елдердің жетекші университеттері өткен жолмен жүріп келеміз. Бірақ олардың қалыптасуына мемлекет қолдау көрсетіп, қаржыландыруы арқасында қазіргі деңгейге жетіп отыр. Бізге де бүгін мемлекет тарапынан осындай қолдау қажет. Дамыған елдердің қол жеткізген нәтижелерін көре отырып, бір жерде тұра беруге болмайды. Біз «білім беруге салынған инвестиция– қайтарымды инвестиция» дейміз. Ендеше, мұны нақты жобалармен іске асырудың уақыты келгендей" - дейді университет басшысы.

Айта кетейік, Ақылбек Қажығұлұлы 2011 жылғы 18 қазаннан бастап С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Басқарма төрағасы қызметін атқарып келеді. Оған дейін ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған болатын.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық