Бас жаңалықтар
Ақтөбенің 150 жылдық мерейтойында Димаш Құдайбергенов өнер көрсетті
PHOTO
29 Мамыр 2019, 12:43 747

Ақтөбенің 150 жылдық мерейтойында Димаш Құдайбергенов өнер көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 28 мамыр күні Ақтөбе облысының жұртшылығы үшін ерекше болды. Себебі, қаланың мерейлі тойының басталуы бірнеше мәдени іс-шаралармен жалғасты, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин шаһардың 150 жылдығына орай жаңадан бой көтерген Стиртбол орталығының ашылуына қатысты. Сонымен қатар, жастар арасында ерекше дамыған көше спорт түрлерінен ұйымдастырылған фестивальді тамашалады. 


Өңір басшысы қала тұрғындары мен қонақтарын құтты мекеннің мерейлі тойымен құттықтап, спорт саласының дамуына үлес қосқан бірқатар үздікке мерекелік медальдар табыс етті. 

Сондай-ақ, Оңдасын Оразалин қала тұрғындарымен бірге Тұңғыш Президент атындағы саябақта ұйымдастырылған мерекелік кештің куәсі болды. 

Аймақ басшысы ақтөбелік жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.

"Қаланың іргетасы 1869 жылы ақ төбенің басындағы бекіністің негізінде қаланған болатын. Биыл сүйікті қаламызға 150 жыл толып отыр. Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық жағынан өсіп-өркендеуіне қосқан қомақты үлестеріңізге, ерен еңбектеріңізге, азаматтық қоғам құруға белсене қатысқандарыңызға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға ат салысқандарыңызға алғысымды білдіремін", - деді Оңдасын Оразалин.

Сонымен қатар, аймаққа есімі белгілі, еңбектерімен көзге түскен түрлі саладағы 6 азаматқа мерекелік төсбелгі тақты. Осы мерейтойда ақтөбеліктер тағы бір қуанышты оқиғаның куәсі болды. Ақтөбе тұрғындары үшін тосынсый ретінде есімі әлемге танылған жерлестері, әнші Димаш Құдайбергенов кешке арнайы қатысты.


Облыс әкімі Димаш Құдайбергеновті "Ақтөбенің 150 жылдығы" мерекелік медалімен марапаттады. Танымал жұлдыз облыс әкіміне шексіз ризашылығын білдіріп, көрсетілген ерекше құрметтеріне алғыс айтты. Мерекелік кеш отшашумен аяқталды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...