Бас жаңалықтар
Ақтөбеде коронавирус жұқтырған азаматпен байланыста болғандардың бәрі оқшауланды
23 Наурыз 2020, 10:39 840

Ақтөбеде коронавирус жұқтырған азаматпен байланыста болғандардың бәрі оқшауланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде науқаспен байланыста болған барлық тұрғынды оқшаулау жұмысын аяқтадық. Бұл туралы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтты.

Ақтөбе облысында коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Кеше облысымызда бір науқаста коронавирустық инфекция анықталды. Ол науқас 22 наурыз күні шетелден келген. Оны бірден инфекциялық ауруханаға оқшаулаған едік. Зертханалық тексеру барысында тұрғынымыздан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты. Қажетті емдік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Осы науқаспен байланыста болған барлық тұрғынды оқшаулау жұмысын аяқтадық, - деді Әсет Қалиев "Хабар 24" телеарнасында. 

Оның айтуынша, өңірде карантинде жатқан адамдар бар.

Ақтөбе облысында стационарлық карантинде 68, үй карантинінде 38 тұрғын жатыр. Олардың барлығының жағдайын дәрігерлер күнделікті бақылауда ұстап отыр. Біз көшеге шығуды, қоғамдық орындарға баруды барынша шектеу арқылы ғана денсаулығымызды қорғай аламыз. Коронавирус инфекциясымен күрестің ең тиімді әдісі - адамдар арасындағы байланысты мейлінше азайту. Ұйымдардың, мекемелердің, үлкен сауда орындарының, емдеу мекемелерінің басшылары санитариялық нормаларды қатаң сақтауымыз тиіс, - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, кеше кешке Ақтөбе облысында бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Сол күні түнде Алматыда тағы бір адам коронавирус жұқтырғаны анықталды. Осылайша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 60-қа жетті. Оның ішінде Нұр-Сұлтанда – 31, Алматыда – 25, Қарағандыда – 2, Алматы облысында - 1 және Ақтөбе облысында 1 жағдай тіркелді.

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Загрузка...