Ақтөбе ауруханасына бала өмірін құтқаруға арналған жабдықтар табысталды

6 Тамыз 2020, 15:56
1929
Бөлісу:
Ақтөбе ауруханасына бала өмірін құтқаруға арналған жабдықтар табысталды

Алматы, BAQ.KZ. Ақтөбеге берілген жабдықтың жалпы құны 7,2 млн теңгені құрады. 

"АЯЛА" қайырымдылық қоры "Ақтөбе медициналық орталығы" МКК балалар стационарының реанимациясына дене салмағы өте аз болып туған сәбилердің қарқынды терапиясына арналған инкубатор және сарғайып туған нәрестелерге фототерапия шамын жеткізді. 

Ақтөбеге берілген жабдықтың жалпы құны 7,2 млн теңгені құрады. Бұл сома 2019 жылы "Өмір сыйлайық" жобасының шеңберіндегі шаралар және GAZ Energy желісінің бокстары, қазақстандықтардың Касса24 терминалдарымен аударымдар арқылы, "KOMPRA" ЖШС-мен бірге жасалған шаралар, сондай-ақ жеке тұлғалардың қайырымдылықтары арқылы жиналды.
 
Жыл сайын "Ақтөбе медициналық орталығының" (бұрынғы Облыстық балалар клиникалық ауруханасы) балалар стационары арқылы 80 мың бала өтеді. Оның ішінде 12 мыңы ауруханаға жатқызылады. Бұл медициналық мекеменің басшылығы балалар реанимациясы үшін медициналық жабдықтар сатып алуға көмек сұрап, "АЯЛА" қорына жүгінді.

Он мыңдаған қайырымды қазақстандықтар біздің қордың осы ауруханаға ең озық, тиімді және қауіпсіз жабдық сатып әперуіне көмектесті. 14 жылдан бері біз неғұрлым көп баланың өмірін құтқарып қалу үшін жұмыс істеп келеміз. Неонатологтар үшін біліктілікті арттыру курстарын өткіземіз. Жаңа туған сәбилерге медициналық көмек көрсетудің заманауи әдістері бойынша әдістемелік ұсынымдар шығарамыз. Менің философиям қарапайым – бұл денсаулық сақтаудың проблемаларын дәрігерлермен, Денсаулық сақтау Министрлігімен өнімді және кәсіби диалог арқылы жүйелі түрде шешу үшін ресурстар шоғырландыру. Жыл сайын күшімізді біріктіріп, еліміздің мыңдаған балаларының өміріне араша болып жүргенімізге қуанамын, - дейді "АЯЛА" қорының президенті Айдан Сүлейменова.      

Дене салмағы өте аз болып туған сәбилерге арналған ИДН-03-"УОМЗ" инкубаторы шала туған балалардың өміршеңдік және денсаулық мүмкіндігін арттырады. Ол ауаның температурасы мен ылғалдылығы, оттегі шоғырланымы, баланың дене температурасы мен салмағының параметрлерін микропроцессорлық басқарумен жарақтандырылған. Инкубатор шала туған және әлсіз балаларға күтім жасауға және тиімді реанимация жүргізуге арналған, сондықтан сәбилер патологиясы бөлімшелерінде базалық терапия үшін қолданыла алады.

ОФН-2-УОМЗ фототерапевттік неонаталдық сәулелендіргіш тікелей сәбидің инкубаторына орнатылады немесе кронштейннің көмегімен оның діңгектерінің біріне бекітіледі. Онда көк-жасыл спектрдегі сәуле көзінің жаңа түрі пайдаланылады, ол баланың ағзасына мүлдем зиянсыз. 

Фототерапия шамы сәбидің сарғаюын емдеп, саулығы мен ақыл-парасатын сақтап қалуға көмектеседі. 

Фототерапия шамдарын қордан Ақтөбеден басқа Алматының перинаталдық орталықтары алды. Екі шам қалалық перинаталдық орталыққа, тағы үшеуі - Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына орнатылды. Бұл жабдықтың жалпы құны 6 млн теңгені құрады, мұны қазақстандықтар 2019 жылы "Өмір сыйлайық" жобасы шеңберінде жинаған.

Өзгелердің жаңалығы