Бас жаңалықтар
ҚР азаматтығын қайта алған ақтаулық қыз Тоқаевқа алғыс білдірді
16 Шілде 2019, 20:49 286

ҚР азаматтығын қайта алған ақтаулық қыз Тоқаевқа алғыс білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Диана Степина Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы асығыс және ойланбастан шешім қабылдағанын түсіндірді. Бұл туралы ол өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен Ақтау қаласының тұрғыны Степина Диана, маған Отанымның – Қазақстан Республикасының азаматтығын қайтарып беру туралы шешіміңіз үшін Сізге шын жүректен алғыс білдіремін. Өткен жылы күзде мен Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініш бердім. Ол кезде мен кәмелеттік жасқа толмаған едім және мұның соңы неге әкеп соғатынын түсінбедім", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

WhatsApp Image 2019-07-16 at 20.54.30.jpeg

Ақтаулық қыз еліміздің азаматтығынан шыққаны туралы қашан хабардар болғанын атап өтті.

"2019 жылғы 11 маусымда көші-қон полициясынан бізге телефон арқылы хабарласып, менің ҚР азаматтығынан шыққаным туралы Жарлыққа қол қойылғаны туралы хабарлады. Содан екі күн бұрын ғана мен сайлауға барып, Сізге дауыс бердім", - деді Диана Степина.

Азаматтығынан айырылған қыз қандай күй кешкенін де жасырған жоқ.

"Көші-қон полициясынан шалынған қоңырау мен үшін шок болды. Сол кезде ғана асығыс және ойланбастан шешім қабылдағанымды түсіндім. Осыған дейін біз ешбір елдің азаматтығын қабылдау туралы өтініш жазған жоқпыз", - деп түсіндірді Диана.

Сондай-ақ, ол өзінің туған қаласына деген сезімі туралы да айтып өтті.

"Қазақстан – менің Отаным, менің барлық өмірім керемет Ақтау қаласымен байланысты. Мен интернационалдық отбасында дүниеге келдім: әкем орыс, ал анам қырғыз. Мен өз қаламды өте қатты жақсы көремін, осында мен "Дарын" мектебінде білім алдым, бұл қалада менің туғанымдай болып кеткен достарым мен мұғалімдерім тұрады", - деп бөлісті Диана Степина.

Ол ҚР азаматтығын қалай қайтарып алғанын баяндап берді.

"Көші-қон полициясының хабарламасынан кейін біз бірден, яғни 2019 жылдың 12 маусымында Сіздің Виртуалдық қабылдауыңызға маған Қазақстан азаматтығын қайтару туралы өтініш жасадық. Міне, бір айдан кейін көптен күткен хабар келіп жетті. Сіз азаматтығымды қалпына келтіру туралы Жарлыққа қол қойдыңыз", - дейді Ақтау қаласының тұрғыны.

Instagram-дағы жазбасының соңында ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.

"Қуанышымда шек жоқ. Мен бұл күнді қаншалықты күткенімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің хатыма жауап қайтарғаныңыз үшін мен өте қуаныштымын. Қазақстанда мені жарқын болашақ күтіп тұрғанына мен сенімдімін. Сізге көп рақмет! Құрметпен Диана Степина", - деп сөзін түйіндеді азаматтығын қалпына келтірген ақтаулық қыз.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық