АҚШ-тың бас инфекционисі вирусты тоқтатудың жолдарын айтты

30 Шілде 2020, 19:19
1489
Бөлісу:
АҚШ-тың бас инфекционисі вирусты тоқтатудың жолдарын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Америкалық инфекционист, АҚШ-тың коронавируспен күрес жөніндегі жұмыс тобының бас сарапшысы, доктор Энтони Фаучи коронавирус індетінің таралуын тоқтату жолдарын атады. Бұл туралы The Mirror хабарлайды.

Маманның айтуынша, егер адамзат үнемі бетперде тағып, кем дегенде екі метр қашықтықты сақтауды, сондай-ақ, қолды жиі жууды үйренсе, коронавирус инфекциясын жеңе алады. Сонымен қатар, дәрігер дәмханалар мен мейрамханаларға бару әдетінен арылу керек деп санайды.

Ақ үйдің кеңесшісі Фаучи АҚШ Президенті Дональд Трамппен инфекцияға қарсы тұру туралы бірнеше рет пікірталасқа түсті деп жазды басылым. Оның айтуынша, елдегі індеттің қазіргі өршуі шілде айының ортасында жеңілдетілген шектеу шараларының салдары болып отыр.

Егер біз мен айтқан қағидаларды қатаң сақтауды енгізбесек, онда әлі біздегідей қиындыққа тап болмаған мемлекеттер осы деңгейге жетуі мүмкін, - деді Фаучи.

Бұған дейін 150-ден астам америкалық медициналық сарапшы, медицина қызметкері, ғалымдар және өзге салалардағы оқытушылар мен сарапшылар билікке арналған ұжымдық хатқа қол қойған болатын. Онда олар билікті елдегі қатаң карантинді қайта енгізуге шақырды. Хат Президент әкімшілігіне, АҚШ Конгресіне және штат губернаторларына жіберілді.

Айта кетейік, АҚШ-та коронавирус індетін жұқтырғандардың жалпы саны 4,39 миллионға жетті. Бір тәулік ішінде елде 60 мыңға жуық жаңа жағдай анықталды. Вирус жұқтырғандардың күнделікті өсімі бойынша рекорд 16 шілдеде тіркелді. Ол кезде бір тәулікте 75,6 мың адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған.

Өзгелердің жаңалығы