Ақмолалық жастар сайлауда белсенді болуға шақырды

11 Сәуір 2019, 15:37
2960
Бөлісу:
Ақмолалық жастар сайлауда белсенді болуға шақырды
Фото: автордан

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда саяси партиялар, жастар, кәсіподақ, үкіметтік емес ұйымдарының қатысуымен еліміздегі кезектен тыс Президент сайлауын қолдау жөніндегі «Намыс» саяси клубының басқосуы өтті.

Қазақстан коммунистік халық партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Бейсенбай Мәжитов алда өтетін Президент сайлауында ақмолалық жастардың белсенділік танытатына сенім білдірді.

«Бүгінгі саяси өзгерістер мен реформалар мемлекет тағдырын шешеді. Алдағы саяси науқан еліміз үшін үлкен сын болғалы тұр. Бүгінгі әлемдегі тұрақсыздық, жаһандық қауіптер бізге де ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдай білуге шақырады. Кезектен тыс Президент сайлауының Жастар жылымен тұспа-тұс келуі айтулы оқиға», - деді Бейсенбай Мәжитов.

Облыстық ішкі саясат басқармасы жастар бөлімінің жетекшісі Дамир Іргебаевтың айуынша, елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік сипаттың өзгеруі қоғамның ең белсенді бөлігін бей-жай қалдыруы мүмкін емес.

«Мемлекетіміз жастардың білім алуына, спортпен шұғылданып, жұмыспен, баспанамен қамтылуына, кәсіпкерлікпен айналысуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Биыл Жастар жылы аясында облыс орталығында жас отбасылар үшін тұрғын үйлер бой көтеретіні көңілге қуаныш ұялатады. Жас буын Қазақстанның экономикалық жағынан қалыптасып, саяси гүлденуіне, азаматтық қоғамның дамуына, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға өз үлестерін қосуда. Жастар қоғамның инновациялық және стратегиялық ресурсы болып қала береді. Президент сайлауы жастар үшін қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерді шешудің бірден бір жолы. Тәуелсіздік жылдары жарқын болашаққа ұмтылдық. Дамыған елдермен тереземіз теңесіп, үлкен қалалар тұрғызудамыз. Мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктері Тұңғыш Президетіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Осы ретте бүгінгі жас буынға үлкен үміт артылып отыр. Саяси науқанда қатысу арқылы жастар Отан алдындағы азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін сезінеді. Еліміздің алдағы дамуы біздің бүгінгі белсенді іс-қимылымызға байланысты болмақ. Сайлау – әр адамның ел үшін маңызды шешім қабылдайтын сәті», - дейді Дамир Іргебаев.

Басқосуда саяси партиялар, жастар, кәсіподақ, үкіметтік емес ұйымдар өңірдегі жастар бағдарламаларының жүзеге асырылу барысын талқылады.

Білім беру, ішкі саясат, халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының өкілдері қатысушыларға жастарды әлеуметтік қолдау шараларын түсіндірді. Жастар ұйымдарының белсенділері «Серпін», «Дипломмен-ауылға!» бағдарламаларына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

 

Өзгелердің жаңалығы