Ақмола облысында ТЖ режимін бұзудың 323 дерегі анықталды
10 Қаңтар, 18:10 253

Ақмола облысында ТЖ режимін бұзудың 323 дерегі анықталды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат енгізілгеніне және ақмолалықтардың бұл туралы білетініне қарамастан, ереже бұзған 323 адам тіркелді.

Мемлекет басшысының «төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығына сәйкес Ақмола облысында комендатураның жедел штабы құрылды. 

Төтенше жағдай жарияланғаннан бері Ақмола облысының тұрғындары төтенше жағдай режимін 323 рет бұзды. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін жиырма бес азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен тәулікте ғана облыстың 8 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көкшетау мен Степногорск қалаларында және Бурабай ауданында барлығы 13 блок-бекет жұмыс істейді, - деп мәлімдеді Ақмола облысының коменданты Арманбек Баймұрзин.

Оның мәліметінше, 8 қаңтарда Бурабай ауданының полиция бөліміне Оңтүстік Қазақстан облысының сегіз тұрғыны жеткізілді, олар бір күн бұрын Астанадан Бурабай кентіне келіп, курорттық аймақ аумағы бойынша мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз жүріп-тұрды.

Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін көлік құралдарының жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кеше блок-бекетте Нұр-Сұлтан қаласына кіре берісте Аршалы ауданының Жібек Жолы ауылының тұрғынынан 75 патроны бар «Сайга-410» маркалы тіркелмеген қаруы сақталғаны анықталды. Дәл осы күні Көкшетау қаласының блок-бекетінде Елорда бағытында Щучинск қаласы тұрғынының автокөлігін тексеру кезінде «ТОЗ 87-01» маркалы тегіс ұңғылы мылтық табылды, - деп нақтылады Ақмола облысының коменданты.

Еске салайық, облыс аумағында сағат 23:00-ден 07:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. 180-нен астам жергілікті тұрғын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша ерікті жасақтарға бірікті. Оның ішінде 84 спортшы бар.

Облыс тұрғындарын ақпараттандыру үшін «жедел желі»  құрылды. Өңір тұрғындары 1303 нөміріне хабарласып, қажетті ақпаратты ала алады. Сall-орталыққа коменданттық патрульдеуге қатысу, алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу, көңіл көтеру орындарының жұмыс істеуі мәселелері бойынша блок-бекеттердің жұмысына қатысты 320 қоңырау келіп түсті.

Бүгінгі таңда облыс аумағындағы жедел жағдай тұрақты.


Фото: дереккөз
Загрузка...