Ақан Сатаевты күштеп сериал түсірттік – Ләззат Танысбай

11 Қыркүйек 2019, 11:11
5557
Бөлісу:
Ақан Сатаевты күштеп сериал түсірттік – Ләззат Танысбай
PHOTO
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 10 жыл бұрын Қазақстан нарығында сериал түсіретін компания болмаған. Сол кезде «Қазақстан» арнасы Ақан Сатаевқа «Ағайындылар» телесериалын түсіруді өтінген.

Бұл туралы Astana Media Week аясында «Қазақстанның кино және сериал индустриясын дамыту» сессиясында «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбай айтты.

20190911104100_IMG_8976-01.jpeg


 

«Қазақстан» корпорациясында сериалдармен айналысатын арнайы бөлім бар. Енді менің тәжірибеме келетін болсақ, осыдан 10 жыл бұрын мен «Қазақстан» арнасында жұмыс істеп жүрдім. Сол кезде тұңғыш рет «Ағайындылар» атты сериал түсіруді қолға алдық. Ол заманда ешкімнің ойына аутсорсингпен сериал түсіру келмейтін. Шыны керек, Ақан Сатаевты күштеп, үгіттеп, «осыны алыңыз, түсіріңіз» деген ұсыныспен шықтық. Соның өзінде сол кездері Сатаев «Жоқ, қалайша, мүмкін емес, оған соншама техника керек. Мен қалайша өз бетіммен сериал түсіремін?» деген жағдай болды. Бірақ он жыл өтсе де, сол «Ағайындылар» №1 сериал болып қалып отыр. Бір жағынан, бұл алаңдатады да», - деді Ләззат Танысбай.

Айтуынша, сол кезеңде сериалдарға бүгінгі күндегі қаржыдан 5-6 есе көп ақша жұмсалатын болған. Сонымен қатар, ол сериалдардағы актерлардың қайтала беруіне тоқталды.

20190911104533_IMG_8995.JPG


 

«Қазір біз қаржы жағына көп тоқталдық. Неге? Мен сол 10 жыл бұрын «Ағайындылар» қазіргі уақытта сериал қаржысынан 5-6 есе қымбат ақшаға түсірілді. Тағы сол кезде біз аутсорсингпен түсірген жалғыз компания болды. Ал қазірге келсек, шамамен бір ай бұрын сериал нарығындағы компанияларды жинағанда 15 ірі компания келді. Он жыл ішінде нарық қалай өскенін көріп отырмыз. Биыл «Қазақстан» детектив сериал түсіріліп жатыр. Ал, сол сериал түсіретін компанияларды жинаған кезде мәселе қаржыға келіп тірелді. Қазір министрлік те бұл мәселемен айналысып жатыр... Бізде он жылдан бері сериалдарда сол актерлар түсіп жатыр, сол режиссерлар түсіріп жатыр. Сондықтан сериал түсірушілерге осындай шағымымыз бар», - деді Танысбай. 

«Абай» сериалын түсіруге конкурс жариялағанда елімізден тек 6 компания өтініш білдірген. Олардың ішінде біреуінің ғана тарихи сериал түсіруде тәжірибесі болған. Осыған байланысты, Ләззат Танысбай сессияға жиналған киноиндустрия мамандарына кенже қалып бара жатқан саланы қолға алуды ұсынды.

20190911104251_IMG_8980-01.jpeg


 

«Жақында біз «Абай» сериалын түсіруге конкурс жарияладық. Бұл фильмнің жауапкершілігі қаншалықты жоғары екенін түсініп отырмыз. Барлық сериал түсіруші компания конкурс туралы естіді. Бірақ тек алты компания ғана осы конкурқа қатысты, ал солардың біреуінде ғана тарихи сериалдарды түсірген тәжірибесі бар. Бұл – біз үшін үлкен проблема. Сериал түсіріп жүрген компанияларға, телеарналарға да осы бағытта жұмыс істеу керек, тәжірибе жинау керек деген ойдамын», - деді басқарма төрайымы.

Сонымен қатар, Ләззат Танысбай телеарна министрліктің тапсырысымен биыл 14 сериал (219 серия) түсіріп жатқанын атап өтті.


 

Өзгелердің жаңалығы