Апат көбейіп барады. Сенатор Үкіметтен «Арселордың» жай-күйін қарауды сұрады
11 Қараша 2021, 11:43 108

Апат көбейіп барады. Сенатор Үкіметтен «Арселордың» жай-күйін қарауды сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Депутат Сергей Ершов Премьер-министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Құжатта ол өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелерді жария етті.

Сенатор еліміздің өнеркәсіп кәсіпорындарында апат туындау қаупінің деңгейі бұрынғысынша жоғары екенін атап өтті.

7 қарашада «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының «Абай» шахтасында апат болып, 6 кенші қаза тапты, екеуі зардап шекті. Соңғы 10 жылда «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық компаниясының барлық бөлімшесінде апат саны көбейіп барады. Осы уақыт ішінде компанияның көмір шахталарында 23 апат болды, одан 41 адам зардап шекті, оның 19-ы қаза болды. Бұл 2006 және 2008 жылдардағы екі ірі апатты есептемегендегі жағдай, онда 71 шахтер қаза тапқан болатын, – деп айтты Сергей Ершов.

Сенатор өнеркәсіптегі қауіпсіздіктің жай-күйін жақсарту үшін қазіргі кезде осы кәсіпорында да, бүкіл мемлекет ауқымында да үкіметтік деңгейде шаралар қабылдау маңызды деп санайтынын жеткізді.

Сондай-ақ Сергей Ершов компанияда инвестициялық міндеттемелердің орындалмауы, қызметкерлердің тиісті әлеуметтік кепілдіктерінің болмауы, жабдықтарды жаңғыртудың толық қаржыландырылмауы, білікті кадрлардың кетуі, одан бөлек, зиянды заттар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелердің орындалмауға қатысты бірқатар өзекті мәселелер бар екенін атап өтті.

Үкіметті қабылданған міндеттемелерді мүлтіксіз сақтауға және апат пен өлімге душар ететін жарақаттану санының өсе түсуіне ықпал ететін жағдайды болдырмауға шақыра отырып, өздерінің жеке отырысында саланың жағдайын және «Арселордың» жай-күйін қарауды сұраймыз. Сондай-ақ қауіпті өндіріс объектілерінде өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нақты және жүйелі шаралар, сондай-ақ қызметкерлердің әлеуметтік ахуалы мен өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде Арселормен инвестициялық келісімді қайта қарау туралы шаралар ұсынатын болсын, – деді Сергей Ершов өз сауалында.

Депутат осы мәселелерді қарау барысында кәсіпорындардың өндірістік және экономикалық басымдықтарынан азаматтардың қауіпсіздігі негізгі қағидатқа әрі басымдыққа айналуы тиіс екенін атап өтті.

Ершов атағандай, қауіпті өндіріс объектілері қызметінің барлық саласы мен барлық кезеңінде өнеркәсіп қауіпсіздігінің талаптары жалпыға бірдей және бөлінбес бөлшегі болып белгіленуі тиіс.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...