Антикор алдағы 5 жылда жемқорлықпен қалай күреседі?
29 Қазан 2021, 19:59 1152

Антикор алдағы 5 жылда жемқорлықпен қалай күреседі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кәсіпкерлік қоғамдастыққа Мемлекет басшысының биылғы жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру үшін әзірленіп жатқан 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын таныстырды.

Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуге кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Р. Жүрсінов, «Атамекен» ҰКП орталық және өңірлік кеңселерінің, бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды әзірлеу кезінде бизнестің пікірін ескерудің маңыздылығын атап өтті.

Сыбайлас жемқорлық барлық адам үшін, оның ішінде бизнес үшін экономикалық жағынан тиімсіз болатындай жағдай жасау қажет. Тұжырымдамада біз кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуге ынталандыру шараларын енгіздік. Біздің ойымызша, адал жұмыс істейтін компаниялар, мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік қолдау кезінде преференциялар алу арқылы көтермеленуі тиіс, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту бойынша әзірленген тәсілдер мемлекеттік қызметшілердің шығыстары мен кірістерінің сәйкестігін бақылау, бюджеттік процестердің транспаренттілігін қамтамасыз ету, экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқарту, мемлекеттік қызметтерді сапалы цифрландыру, сыбайлас жемқорлық көріністері үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын бақылау арқылы сыбайлас жемқорлықты азайтуға бағытталған.

Бизнес-омбудсмен Р. Жүрсінов кәсіпкерлік қоғамдастықтың атынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды әзірлеуге және іске асыруға белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.

Кездесуге қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын бұдан әрі арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс берді.

Ұсыныстар тұжырымдама жобасын пысықтау кезінде ескеріледі.


Фото: дереккөз
Загрузка...