"ҚазАқпарат" пен италиялық ANSA меморандумға қол қойды

23 Қаңтар 2020, 13:03
2110
Бөлісу:
"ҚазАқпарат" пен италиялық ANSA меморандумға қол қойды
PHOTO
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазконтент АҚ ғимаратында «ҚазАқпарат» ХАА мен италиялық Agenzia Nazionale Stampa Associata (ANSA) ақпарат агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

image-23-01-20-11-26-3.jpeg

Қол қою рәсіміне "ҚазАқпарат" ХАА" АҚ Бас директоры Асқар Умаров пен италиялық ANSA ақпарат агенттігінің Бас директоры Стефано Де Алессандри қатысты.

image-23-01-20-11-26-1.jpeg

Меморандум аясында ANSA агенттігі өз сайтында итальян тіліндегі "Қазақстан жаңалықтары" айдарын ашатыны айтылды. Ал өз кезегінде "ҚазАқпарат" ХАА сайтының ағылшын тіліндегі нұсқасында Италия Республикасының саясат, экономика, мәдениет салаларындағы жаңалықтары жарияланатын болады.

Бүгін біз маңызды меморандумға қол қойып отырмыз. Бұл меморандум бойынша италиялық ANSA агенттігімен ынтымақтастықты бастаймыз. Құжат бойынша ANSA агенттігінде ағылшын және итальян тілінде бөлек айдар ашылады. Ал "ҚазАқпарат" агенттігінің ағылшын тілді нұсқасында Италия жаңалықтары шығады. Бүгінгі келісімді екі елдің ақпараттық тұрғыда жақындай түсу процесінің үлкен қадамы деп есептейміз. Біздің италиялық әріптестеріміз Қазақстанның экономикасы мен туризм саласына айтарлықтай қызығушылық білдіріп отыр. Стефано мырзаға алғысымызды білдіреміз. Себебі, бұл құжат еуропалық агенттіктермен жасалған алғашқы меморандум, - деді Асқар Умаров.

Асқар Умаров осы уақытқа дейін "ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігі осындай келісімді әлемнің 42 халықаралық агенттігімен жасағанын атап өтті.

ANSA - "ҚазАқпаратпен" ынтымақтаса жұмыс жүргізетін 43-ші агенттік болып отыр.

image-23-01-20-11-26-2.jpeg

Өз кезегінде ANSA ақпарат агенттігінің Бас директоры Стефано Де Алессандри аталған меморандумның маңыздылығына тоқталды.

ANSA үшін бұл – ынтымақтастық туралы бесінші меморандум. Осы уақытқа дейін Франс Пресс, ТАСС, Синьхуа қатарлы үлкен ақпарат агенттіктерімен серіктестігімізді бастадық. Соның ішінде "ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігінің біздің серіктесіміз болғанына қуаныштымыз. ANSA – Италиядағы ең ірі агенттік. Осы меморандум аясында Италия Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасындағы ынтымақтастық одан ары нығая түседі деген үлкен сеніміміз бар, - деді Стефано Де Алессандри.

image-23-01-20-11-26.jpeg

Айта кетсек, ANSA – ұлттық және халықаралық іс-шаралар туралы ақпарат тарататын Италияның жетекші ақпарат агенттігі. Ақпарат агенттігінің мемлекет аумағында 22 жеке кеңсесі бар, ол әлемнің 74 мемлекетіндегі 80-нан астам қалада өз қызметін жүзеге асырып келеді. ANSA күн сайын 3 мыңнан астам жаңалық материалын, сондай-ақ 700-ден астам суреттер мен видеороликтер жариялайды. Агенттік итальян тілінен басқа ағылшын, испан, неміс, португал және араб тілдерінде хабар таратады.

ҚазАқпарат – Қазақстандағы алғашқы халықаралық мәртебе алған мемлекеттік ақпарат агенттігі. Биыл ақпарат агенттігінің құрылғанына 100 жыл толады.
Өзгелердің жаңалығы