Андрей Скабелка: Жеңістен айырылып қаламыз ба деген қорқыныш болды

30 Сәуір 2019, 12:09
1855
Бөлісу:
Андрей Скабелка: Жеңістен айырылып қаламыз ба деген қорқыныш болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Хоккейден Қазақстан құрамасының бас бапкері Андрей Скабелка әлем чемпионатындағы алғашқы ойынды қорытындылап өтті.

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында хоккейден бірінші дивизионның А тобындағы құрамалар арасында Әлем чемпионаты басталған болатын. Қазақстан алғашқы ойынын Словениямен өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті

«Біз мықты командамен кездестік. Өздерінің көшбасшы ойыншылары бар. Ұлттық хоккей лигасында ойнайды. Әрине, жақсы дайындалдық. Бірінші ойын болғаннан кейін де қобалжу да болды. Жалпы, ойынымыз жаман емес. Екінші кезеңнің соңғы жағында қарсыласқа есін жиюуға мүмкіндік беріп қойдық. Әйтпесе, бастапқы екі кезеңде шабуылда жақсы ойнап, қорғаныста да сенімді қимылдадық. Ал үшінші 20-минуттықта шабуылға өткірлік жетіспеді. Бірақ алдымызға қойылған мақсатты орындап, жеңіске жеттік. Бастысы, ұпай бар», - деді ол.

Андрей Скабелка Қазақстан құрамасының тізгінін енді ұстап отыр. Бұл оның алғашқы ресми ойыны. Беларусь маманы екінші кезеңнің соңғы жағында екі бірдей шайба жіберіп қоюуымыздың себебін де түсіндіргендей болды.

«Концентрация жоғалтып алдық деп айта алмаймын. Негізі, екінші кезеңді жақсы ойнағанбыз. Сосын қорқыныш туындады. Біздің шабуылшылар гол соғамыз деп, алға атойлап кеткен болатын. Қарсылас мұны сәтті пайдаланды. Қарымта шабуылда өзімізді жазалап кетті», - дейді бас бапкер. 

Оның айтуынша, Қазақстан алғашқы 20 минуттың ішінде үш шайба соққанымен, негізі екінші кезеңде жақсы ойнаған. Бірінші ойын болғаннан кейін хоккейшілер қобалжыған, сондықтан соңғы жағында жеңісті беріп қоя жаздаған. 

Айта кетейік, Бірінші дивизионның А тобында Қазақстан мен Словениядан бөлек, Венгрия, Оңтүстік Корея, Беларусь, Литва құрамалары бар. Осылардың арасында ең көп ұпай жинаған екі құрама келесі жылы элиталық топқа жолдама алады. А тобындағы алғашқы ойында Оңтүстік Корея мен Венгрия кездескен болатын. Бұл матчта таңғы жұпар елінен келген хоккейшілер ірі есеппен жеңіске жетті (5:1). Беларусь құрамасы Литвадан басым түсті. (4:3). Әлем чемпионаты 5 мамырда аяқталады.

Айта кетейік, шайбалы хоккейден 1-дивизионның А тобындағы құрамалары арасында басталған "Барыс-Аренадағы" Қазақстан мен Словения кездесуін тамашалағандар арасында Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Кәрім Мәсімов және "Отандастар" қорының президенті Нұртай Әбіқаев бар. Айтпақшы, Асқар Ұзақбайұлы Қазақстан Республикасы шайбалы xоккей федерациясының президенті екенін естеріңізге сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы