Қандастарымызға құжат жинауға көмектесемін – кадрлық резервтегі волонтер

24 Қаңтар 2020, 21:05
2525
Бөлісу:
Қандастарымызға құжат жинауға көмектесемін – кадрлық резервтегі волонтер
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президенттік жастар кадрлық резервінің байқауына қатысуға 13 мың жас өтініш берген еді. Конкурс нәтижесі бойынша Қазақстанның талантты деген 300 жас азаматы таңдап алынды.

Қатал талаптарға сай келіп, байқаудың сынақтарынан сүрінбей өткен сондай жастың бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан құрылған Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры – Әлібек Ыдырыс. 

Іле Қазақ автономиялық облысы Күнес ауданы Телқара деген ауылда дүниеге келген Әлібек атажұртқа 2005 жылы оралған. Содан бері Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне биология факультетіне оқуға түскен.
Оқуымды тәмамдап, өз білім ордама геоботаника мамандығы бойынша магистратурада оқып, ғылыми жұмысымды докторантурада жалғастырдым. Содан бері ғылыми және оқытушылық қызмет істеп келемін. Іріктеуге дейін ҚазҰУ-дің биология факультеті биофизика және биомедицина кафедрасы меңгерушісінің ғылым және халықаралық қатынастар бойынша орынбасары қызметін атқардым, – деді Әлібек. 

Әлібектің сөзінше,ол қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, мемлкеттік, университет деңгейіндегі бірқатар шара ұйымдастырған.
Мен 2012 жылдан бастап Қамшы ақпараттық порталы өткізген "Қазақ хандығы 550",  "Қазақ дауысы",  "100 студентке стипендия" тағы басқа сол секілді іс-шараларға ат салысып келемін. Сондай-ақ 2016 жылы "Үшбурыл" экспедициясын ұйымдастырдық. Кейін "Қызай ана" Қоғамдық қорының көмекшісі ретінде жыл сайын отбасында әлеуметтік мәселелері бар және үздік студенттерге шәкіртақы тағайындап, көпбалалы отбасыларға қаржылай көмек береміз. Жыл сайын Талғар ауданы Өстемір ауданында Наурыз мейрамын, онда ұлттық ойындар ұйымдастырып келеміз, – дейді резерв мүшесі. 

Оның айтуынша, ол жыл сайын шетелден келген көптеген жастарға оқуға түсу үшін қажет құжаттарды жинауға көмектеседі.
Биыл өз қалтамнан жылдағыдай оқуда үздік 5 студентке бір жолғы шәкіртақы беру, шетелден келген студент жастардың оқу (грант,  жатақхана)  мәселесі мен солтүстікке көші-қон жұмыстарына белсене ат салысу, әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай жас студенттер арасында "әл-Фараби және тәрбие" тәрбиелік іс-шара,  Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын орай "Ғылым таппай  баптанба" атты факультет деңгейіндегі Абай оқуларын ұйымдастыру жоспарымда бар, – деді кадрлық резерв жеңімпазы.

Өзгелердің жаңалығы