Отбасының дамуы арқылы еліміз де гүлденеді – Аймағамбетов

13 Қыркүйек 2020, 14:34
8007
Бөлісу:
Отбасының дамуы арқылы еліміз де гүлденеді – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін – Отбасы күні. Бұл мереке елімізде бірнеше жылдан бері қыркүйектің әр екінші жексенбісінде атап өтіледі. Осы ретте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында өз отбасы туралы жазба қалдырды.

Әдетте жеке өмірім туралы айтпайтынмын, бірақ бүгін жазуды ұйғардым. Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім: менен бөлек отбасымызда тағы бес бала бар. Әкем 6 жасымда қайтыс болды, кейін анамызға барлық ауыртпашылықты еңсеруге тура келді. Сол кезде анам 40 жасқа да толмаған еді, бірақ маған жасы келген кісі сияқты көрінетін. Оны өзің сол жаста болғанда ғана жақсы түсінеді екенсің, - деп жазды министр Facebook-те.
Аймағамбетов қиын кезең, 90-жылдар басталғанын айтты. 
Анамызға өте қиын болғанын білемін. Ауылда тұрдық, анамыз жұмыстан бөлек бізбен, шаруашылықпен айналысты. Бір-бірімізге көмектестік. Су тасыдық, шаруашылыққа араласып, малға шөп дайындадық, пеш жақтық. Үйдегі ересектер артынан ерген бауырларына үйретті, ал кішілер үлкендерге көмектесті, - деді білім басшысы.
Сондай-ақ министр бұл қиын кезеңнің үйреткені мол, әсіресе жақындарының, отбасының қаншалықты қымбат екенін ұғындырғанын жазды.
Мен – екі баланың әкесімін. Жұмыстан кейін балаларың мен жарың үйде қарсы алғанда барлық қиындықты ұмытасың. Әңгімелесіп, балалармен бірге ойнағаннан шаршағаның басылады, рақаттанып қаласың, - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Ол жігерлендіріп, күш-қайрат беретін де – отбасым екенін айтты.
Жақындарымызды бағалайық. «Отан отбасынан басталады», дейді дана халқымыз. Әр отбасының дамуы арқылы еліміз де гүлдене береді. Мереке құтты болсын, достар! Барлығыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін, - деп Отбасы күнімен құттықтады.
  
Өзгелердің жаңалығы