Бас жаңалықтар
Америкалық мамандар Арыстағы саперлердің жұмысына баға берді
18 Мамыр 2021, 20:30 465

Америкалық мамандар Арыстағы саперлердің жұмысына баға берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласындағы жарылмаған оқ-дәрілерді  жинау жұмыстарын бағалап, кеңес берген америкалық сарапшыларды, сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының әскери атташесі полковник Билл Сабаны қабылдады. 

Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев әскери атташеге америкалық сарапшылар жүргізген тиімді жұмысына алғысын білдірді.

Қорғаныс ведомствосының басшысы Арыстағы өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Қорғаныс министрлігі үшін бұл маңызды мәселе.

2021 жылдың 27 сәуірі мен 14 мамыры аралығында оқ-дәрілерді тазартуға жедел ден қою жасағының мамандары Марк Тобайас және Грегори Форд техникалық аймақты оқ-дәрі қалдықтарынан тазарту бойынша жүргізілген және алдағы атқарылатын жұмыстармен танысты. Олар металл сынықтарын сұрыптайтын жерді аралап, оқ-дәрі қалдықтарын жою жұмыстарының жүйелілігін зерделеді.

Минасыздандыру және EOD (Explosive Ordnance Disposal) саласындағы сарапшылар жарылмаған оқ-дәрілерді жинау мен оларды жоюдағы саперлердің жұмысын жоғары бағалады.

20 жылдан астам әлемнің түрлі елдерінде қызмет еткен Америкалық мамандар жұмыстарында Арыс қаласындағы жағдайды, жарылғыш заттармен жоғары деңгейде ұйымдастырылған жұмысты және оның сапасын, әдістемесін еш жерде кездестірмегенін атап өтті. Олардың айтуынша, қойма аумағын жарылу қаупі бар заттардан тазарту жұмыстары дұрыс, ретімен және барынша қауіпсіз жүргізіледі.

Марк Тобайас және Грегори Форд өртенбеген жарылғыштар мен олардың қалдықтарының ұшуын мүлде болдырмайтын арнайы жабдықталған орынға назар аударды.

Америкалық мамандар сондай-ақ, қазақстандық әскери қызметшілері аумақты және қоймаларды тазарту, оқ-дәрілерді залалсыздандыру мен жою жөнінде кеңес беру-әдістемелік жиынын өткізді.

Аталмыш сабақтар Минаға қарсы қызметтің халықаралық стандарттарына (IMAS) сай жүргізілгенін атап өткен жөн.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...