Бас жаңалықтар
Амалбек Өміртай: Еріктілер – қоғамның дәрігері
Сұхбат EX PHOTO
24 Наурыз 2020, 18:22 820

Амалбек Өміртай: Еріктілер – қоғамның дәрігері

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы 26 тамыз күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен 2020 жыл Волонтерлер жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай, Түркістан облысында Волонтерлер жылы қалай атқарылуда? Бұл туралы Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің басшысы Амалбек Өміртай жыл басынан бері қандай қайырымдылық шаралары жүзеге асырылып жатқаны жөнінде кеңінен баяндап берді.

– Амалбек Дәркенұлы, Түркістан облысы бойынша қанша жастар бар? Ерікті болып тіркелген жастар саны қанша?

Түркістан облысы бойынша 530 мыңға жуық жас бар. Оның 80 пайызы ауыл жастары. Бүгінде Түркістан облысында жастар арасында ресми еріктілер ұйымдарына тіркелгендердің саны – 10 мыңға жуықтады.

– Өңірде еріктілер жылын қалай бастадыңыздар? Осы уақытқа дейін қандай және қанша іс-шара атқардыңыздар?

Өзіңіз білесіз, "Волонтерлар жылы" президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы қатысқан ашылу салтанатымен басталды. Сол аталған салтанатты жиынға Түркістан облысының жастары атынан 30 өкіл қатысқан болатын. Содан кейін көп ұзамай облысымызда мемлекет басшысы айқындап берген "Волонтерлар жылының" 7 бағыты бойынша ауқымды іс-шаралар бастау алды. Олардың қатарында "Судың да сұрауы бар", "Open English", "Құқықтық кеңес", "Ардагерлерге құрмет", "Мен донормын", "Жастар – жауқазын жанашыры" және т.б. акциялар мен волонтерлық қозғалыстар бар. Жалпыұлттық "Біз біргеміз" челленджі, сондай-ақ "Әлемге құшақ ашқан – Түркістан" атты еріктілер жобалары жүзеге асты. 

ген1.jpg

– Карантин кезінде еріктілер қалай жұмыс жасауда? Коронавирусқа қатысты шараларға қаншалықты атсалысып жатыр деп айта аласыз?

Наурыз айында елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты "Жастар ресурстық орталығы" КММ-сі адамдардың бас қосуымен өтетін іс-шараларды кейінге шегеріп, волонтерлық негіздегі жұмыстарды қашықтықтан жүзе асыру бойынша жоспар түзіп, жұмыстар атқарудамыз. Соның ішінде айта кетер болсам, "Жастар online" атты үздіксіз даму формуласы аясында "Наурыз, наурыз күн игі" атты көркемсөз оқу видео-байқауы, қашықтықтан оқытатын "Қолжетімді ағылшын" жобасы іске қосылды. Бүгінгі таңда электронды оқулық платформалары арқылы "ҰБТ-ға дайындық шеберлік сабақтары" жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, үздік ұстаздар арасынан ерікті түрде онлайн режимде сабақ беруге келіскен оқытушыларға барлық мүмкіндіктер қарастырылды. Төтенше жағдай жарияланған алғашқы аптада облысымыздағы жастар мен еріктілердің күшімен облысымызды 10000-ға жуық медициналық қорғаушы бетперделер мен антисептикалық құралдар және әлеуметтік азық-түлік тауарларымен әлеуметтік әлсіз топтарды қамтамасыз ету мен пост-блоктарда жұмыс жасап жатқан дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне де көмек көрсету жұмыстарына жастар белсенді атсалысуда.

ген2.png

– Айта кетіңізші, неліктен дәл биыл еріктілер жылы қолға алынды деп ойлайсыз?

Әлем елдерінің даму тарихына үңілсек, әрқайсысының түрлі ұлттық даму стратегиялары мен жолдары бар. Биыл елімізде "Волонтерлар жылы" деп аталуының түпкі мәні әлеуметтік-экономикалық дамуға еріктілердің күшімен қосымша экономикалық өсім қалыптастыру да көзделген. Түптеп келгенде волонтерлердің жүзеге асыратын жобалары қоғамдық игіліктерге бағытталғандықтан, бұл ел халқының өмір сүру сапасына тікелей оң әсер етуі тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, дәл биыл волонтерлар жылы деп жариялануының үлкен идеологиялық себебі бар. Неге десеңіз, жалпы халықты мейірім мен қайырымдылыққа, бірлік пен татулыққа және де еңбекқорлық пен белсенділікке шақырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру тәрізді. Осы жылды Волонтерлар жылы деп жариялағандықтан, қазіргі төтенше жағдайларға да, одан басқа да мемлекеттік деңгейдегі ауқымды істерге пайдасы тиіп, еліміз қиындықты бірлесіп еңсеруде деп есептеймін.

ген3.png

– Еріктілерді жалпы қалай ынталандырудасыздар? Еріктілерді қаржылай демеген дұрыс па?

Еріктілерді қаржылай демеген дұрыс, себебі еңбек бағаланған кезде ғана үлкен нәтижелі болады, тым болмағанда, қандай да бір негіздегі қолдау қажет. Еріктілерді ынталандырудың басты жолы қоғамдық игілікке бағытталған жобаны жүзеге асырып жатқанымызды түсіндіру, еріктілер қозғалысы арқылы өз өмірімізді өрнектеуге бағытталғандығын жете ұғындыру. Біз волонтер жастармен үнемі тығыз байланыстамыз, ерікті түрде бір-бірімізге қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз. Қазір Үкімет тарапынан, жергілікті атқарушы билік тарапынан оларды ынталандырудың жаңа тәсілдері қарастырылып жатыр. Қазіргі күні елде төтенше жағдайдың орын алуына байланысты бұл жұмыстар коронавирус мәселелері шешімін тапқаннан кейін де жалғасын табады деп ойлаймын.

– Өзге облыстың еріктілерімен жақсылық пен игі іс жасауда бәселекестік бар ма?

Өзге облыстың еріктілерімен жақсылық пен игі іс жасауда бәселекестіктер байқалып жатады, дегенмен біздің баршамызға мақсат пен мүдде ортақ, солай болуы тиіс деп ойлаймын. Яғни ол елімізге шынайы қолғабыс ету, оны қорғау, гүлдендіру.

– Волонтер дегеніміз кімдер? Кез келген адам волонтер болу үшін ең бастысы не істеу қажет?

Волонтер дегеніміз – ол мамандық түрі емес, еріктілік – бұл ұстаным, бұл болмыс. Ең бастысы, оның қоғамдағы келеңсіздіктерге бей-жай қарай алмайтын азаматтық ұстанымы болу керек. Еріктілер деген – өте мейірімді, кең жүректі, ішкі мәдениеті терең, білімді, алғыр, лидер азаматтар. Жас еріктілерден алдағы уақытта үлкен дамыған, толық тұлға шығатынына толық сенімдімін! Кез келген адам ерікті болу үшін ең бастысы жақсылық жасауға деген ниеті мен өзінің бір бағыты болуы қажет.

ген4.jpg

– Әдетте еріктілер дегенде ең бірінші көз алдымызға бір үлкен мерекелерде, мемлекеттік мәдени ауқымды шараларда, флэшмобта сабақтан еркінен тыс босатылған студенттер мен оқушылар елестейтіні жасырын емес. Қазір де адамдар арасында биліктің, жергілікті атқарушы органдардың ықпалымен жастар еркінен тыс шараларға жегіледі деген ой бар ма, болса сол көзқарастан қалай арылтуға болады?

Жастарды, жалпы кімді болса да еркінен тыс іс-шараларға мәжбүрлеп қатыстыруға болмайды. Ол істің берекесі жоқ, керек десеңіз түпкі мақсатына жетпейді. Сондықтан бірінші кезекте волонтерлармен қолға алынған іс туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуден бастаған абзал. Егер мәселені жастар анық түсінсе, олар қолға алынған істе қалай тиімді, оңай, тез, ауқымды етіп жүзеге асыруға болатыны туралы өз ұсыныстарын айтып, шын ниеттерімен жүзеге асыруға ұмтылады. Бұл нағыз волонтерлықтың белгісі. Қысқасы, өзіңіз айтып отырған көзқарастан қоғамның өзі жақсылық пен мейірім, махаббатқа сеніп, ой жүйесін түзеген жағдайда ғана және сол адамдардың өзі ерікті болуға дайын болған кезде арылтуға болады деп ойлаймын.

– Еріктілер қоғамда несімен маңызды?

Еріктілер – қоғамның дәрігері. Олар қоғам ауруларын емдеуге ұмтылады. Қоғамдық игіліктерге жұмыс жасайды. Сондай-ақ, еріктілер қоғамда ішкі мәдениеттің жоғарылығымен, мейірім, қайырымдылығымен, әрқашан қол созуға дайын тұратын ынта-жігерімен маңызды.

– Еріктілер саналы қоғамды жасай ала ма?

Еріктіліктің өзі саналы қоғамның белгісі. Еріктілер саналы қоғамды жасай алады, біздер осы бағытта келе жатырмыз. Қазір әлем үздіксіз дамуда, өмірдің өзі қозғалыстан тұрады, сол себепті ізгілікті, саналы қоғамды жасау талаптансақ, талпына берсек біздің де қолымыздан көптеген игі істерді атқару келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет!


 


Фото: дереккөз
Загрузка...