Астана, BAQ.KZ. Бір аптадан соң ескі жыл санау бойынша Жаңа жылдың бастауы Амал айы кіреді. Еліміздің батысында дәстүрлі түрді тойланатын бұл мерекені маңғыстаулықтар биыл халықаралық деңгейде атап өтпек.
Наурыздың 13-14-і күндері ойдағы-қырдағы ағайынмен құшақтасып, көрісу үшін Атырау мен Алтай, Арқа мен Алатау арасындағы алты Алаштың балалары Маңғыстаудағы ең биік жер – Отпантаудың басына жиналады, деп жазады «Хабар 24».
Бұл жиынға Ресей, Өзбекстан, Түркия, Ноғай мен Қырғыз елінен де делегациялар келмек. Амал мерекесінің биылғы ерекшелігі – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы негізге алынады. Ақтаудан Отпантауға дейін атқа мінген Ұлы көш 140 шақырым жолды жүріп өтеді. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары, әдет-ғұрпымыз, фольклорымыз бен атқа міну сынды салт-дәстүрлеріміз осы көштің өн бойынан көрінбек.
«Отпанның басында қырыққа жақын киіз үй тігіледі. Дәстүрлі ағаш үйлеріміз бар. Онда келген қонақтарымызды қабылдайды. Ұлттық ойындар, концерттік бағдарламалар. Театрландырылған көріністер барлығы сол жерде болады. Сонымен қатар Отпанның басында республикалық деңгейдегі қолөнершілердің көрмесі өтеді. Жыршылар, дәстүрлі әншілер болады. Үлкен жаңалықтың бірі – халықаралық деңгейде болғандықтан Ноғай елінен келетін Асланбек бауырымыз ән айтады. Арсланбек қазіргі кезде түркі елдерінің ең дәстүрлі ән орындаудағы көрнекті өкілдерінің бірі», - дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы, Пәния Сармұрзина.