Бас жаңалықтар
Ғалымдар көне түркі жазбалары тарихын саралады
26 Сәуiр 2019, 10:20 193

Ғалымдар көне түркі жазбалары тарихын саралады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Конференция жұмысына еліміздің барлық өңірінен түркі жазбалар мен жалпы қазақ жазуының дамуы бағытында ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген ғалымдар қатысты.

Павлодар қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» жыл сайынғы «Түркі жазбалары мен мәдениеті күндері» шарасы аясында «Рухани жаңғыру және түркілік руханият» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.

Конференция барысында бірқатар ғалымдар түркі бабаларымыздан қалған көне түркі жазуының түп-тамыры туралы ғылыми зерттеулер жүргізген жұмыстарының нәтижелерін баяндап, Еуразияның ұлы даласын ортақ иеленіп, мекендеген түркі халықтарының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, өмір сүру дағдылары туралы ғылыми негіздемелер нәтижелері ғылыми ортада талданды.

Ұлттық кодты сақтауға бағытталған жаңа әліпбиіге көшу барысындағы ғылыми ізденістер бойынша ғалымдар пікірі ортаға салынды. Ғалымдар түркі жазбалары тарихы, оның өркендеуі, әлеуметтік-экономикалық ахуалға әсері мен қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты жаңа емле ержелерін әдістемелері, әдіснамалық тұрғыда ауқымды ойларымен бөлісті.

Конференция жұмысына еліміздің барлық өңірінен түркі жазбалар мен жалпы қазақ жазуының дамуы бағытында ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген ғалымдар, жаһандық кезеңдегі қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген қоғам қайраткерлері, тіл мамандары, Павлодар облыстық жалпы тіл саласына қызығушы азаматтар қатысты.

Сізден жаңалық