Алтынсариннің қолтаңбасы бар кітап Гаспринский музейінде сақтаулы

16 Мамыр 2019, 14:12
3647
Бөлісу:
Алтынсариннің қолтаңбасы бар кітап Гаспринский музейінде сақтаулы
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыстық Ы.Алтынсарин мемориалды мұражайы мен Қырым Республикасы Бахчисарай қаласының И.Гаспринский атындағы музейі телекөпір ұйымдастырды. «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты іс-шарада қос тұлғаның еңбектері айтылып, туыстас халықтардың мәдени байланысы сөз болды.

Телекөпірге Қостанайдағы мұражай қызметкерлерімен қатар, «Өрлеу» БАҰО мамандары, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

«Ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсарин мен Қырым елінің белгілі қайраткері Исмаил Гаспринскийдің ойлары, жасаған қызметтері, жазған дүниелерінің мүддесі ортақ. Еңбектері арқылы екі елдің мәдениеті одан әрі жақындай түскен десем артық емес. Бүгінгі іс-шара осы сабақтастықты сақтай отырып, Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, тұлғаларымызды басқа елдерге кеңінен насихаттау мақсатында өтіп отыр», - деді Ы.Алтынсарин мемориалды музейінің директоры Марғұлан Оспанов.

Екі тарап өздері атқарып жатқан жұмыстарға тоқталып, мұражай қорындағы тұлғаларға қатысты жәдігерлер туралы мағлұмат берді.

Қостанайдағы музей 1884 жылы ұлы ұстаз негізін қалаған мектеп орнына 1991 жылы салынған. Қорында 12 мыңнан астам жәдігер сақталған. Олардың ішінде ағартушы тұтынған төсекқап пен қолжазбалары, жергілікті тұлғаларға қатысты деректер бар. Ал Бахчисарайдағы рухани орын – «Тарджиман» газетін шығарған бұрынғы баспа үйі. 1921 жылы ағартушының 70 жылдығына орай музей болып ашылған.

«Кеңес үкіметі тұсында И.Гаспринский жайында көп айтылмады. Айтылса да, дінге қатысты көзқарасы үшін теріс насихатталды. 1932 жылы музей жабылып, өкінішке қарай, көптеген экспонаттар жойылып кеткен. Қайраткердің 150 жылдығында, 2001 жылы қайтадан ашылып, тарихи ғимарат қалпына келтірілді. Қазір мұнда отбасылық суреттері, өзі басып шығарған басылымның бірнеше данасы, басқа да еңбектері бар», - деді И.Гаспринский атындағы мемориалды музейдің меңгерушісі Эльмира Абибуллаева.

Алтынсариннің қолтаңбасы бар кітап Гаспринский музейінде сақтаулы

Сондай-ақ, музей қорында 1884 жылы Қазан қаласында басылып шыққан, Ы.Алтынсариннің қолтаңбасы бар «Мұсылманшылық тұтқасы» кітабы сақталған. Бұл еңбектің маңызы турасында философия ғылымдарының докторы, профессор Қалқаман Жақып айтып өтті.

«Мен Ыбырай Алтынсарин жазған, бізге дейін жеткен 89 хатты саралап көрдім. Бұл хаттарда ағартушы «Алла», «жаратушы», «құдай» деген сөздерді 56 рет қайталаған екен. Оның ислам дініне деген құрметін осыдан да көруге болады. Сондықтан да ол «Мұсылманшылық тұтқасы» кітабын жазып шықты. Оны жазудағы мақсаты – шәкірттері қызметке барғанда ешкімнің ала жібін аттамасын, Құранның негізгі қағидалары есінде жүрсін дегені. Діні берік адам халқын сатпайды деп сенген. Менің білуімше, Исмаил бей Гаспринсий де осы мақсатты ұстанған», - деді профессор.

Іс-шара барысында екі музейдің қызметкерлерінің ойы бір жерден шығып, бұл бастама жалғасын табатын болды.

Өзгелердің жаңалығы