«Алтын жебе» І Әлем чемпионатының жеңімпазы анықталды

3 Маусым 2019, 13:13
3134
Бөлісу:
«Алтын жебе» І Әлем чемпионатының жеңімпазы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесі аясында өткен «Алтын жебе» І Әлем чемпионаты аяқталды. Қазақ мергені Ералхан Айкөз тұңғыш Әлем чемпионатының чемпионы атанды.

«Азия стилі» және «Түрік стилі» мен «Қазақ стилі» бойынша өткен мергендік бәсекелері аяқталып, қорытынды нәтиже бойынша І Әлем чемпионатының жеңімпазы анықталды. Бас жүлде қазақ сұрмергені Ералхан Айкөзге бұйырды.

«Азия стилі» бойынша ат үстінен садақ атуда монғолиялық Эрденесуфт Эрдене мерген 66, 41 ұпаймен бірінші орынды иеленді. Екінші орын 64,73 ұпай алған Михай Козмейге бұйырды. Үшінші орынға 62,91 ұпаймен Бабажан Бақдәулет табан тіреді. Төртінші орынды 55,84 ұпаймен Ералхан Айкөз, бесінші орынды кореялық мерген Ли Сунг Хо алды. Сөйтіп, алғашқы күнгі мергендік бәсекесі осындай нәтижемен аяқталды.

«Түрік стилі» бойынша дүниежүзілік жарыстардың атақты мергені, румыниялық Михай Козмей чемпион атанған-ды. Екінші орынды кешегі «Азиялық стильде» де жүлделі орын алған кореялық жас мерген Ли Сунг Хо иеленді. Ал, үшінші орынға Ералхан Айкөз табан тіреді.

Ал, «Қазақ стилі» бойынша жамбы ату жарысында түріктің мергені Аяз Явуз чемпион атанды. Бұл бәсекеде Абзал Тулыбеков екінші орынды, үшінші орнды монғолиялық мерген Эрденесувд Эрдене иеленді.

Ат үстінен садақ атудан тұңғыш Әлем чемпионатының жеңімпазы осы жарыстың қорытындысы бойынша анықталды. Бес спортшы І Әлем чемпионатының жүлдесін иеленді.

«Алтын жебе» І Әлем чемпионатының жеңімпазы анықталды

«Алтын жебе» І Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

1-орын – Ералхан Айкөз (Қазақстан)

2-орын – Эрденесувд Эрдене (Монғолия)

3-орын – Ли Сунг Хо (Оңтүстік Корея)

4-орын – Абзал Тулыбеков (Қазақстан)

5-орын – Михай Козмей (Румыния)

Еске салып өтелік, І Әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан құрама командасындағы спортшылары: Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Абзал Тулыбеков, Елдос Бадашев, Бақдәулет Бабажан, Ғалымжан Өміртай.

«Алтын жебе» І Әлем чемпионатына қатысқан шетел мергендері: Альперен Алкан – Түркия, Явуз Аяз – Түркия, Уалид Хауажки – Сирия, Али Гурмани – Иран, Труканов Димитар – Болгария, Ходлей Халсон – АҚШ, Франк Сихлер – АҚШ, Парк Беом Нам – Оңтүстік Корея, Ли Сунг Хо – Оңтүстік Корея, Эрденесувд Эрдене – Монғолия, Гантумур Иденбаатар – Монғолия, Уладаев Хонгр – Ресей, Мороко Любовь – Ресей, Гудын Виталий – Украин, Янченко Владимирь – Украин, Михай Козмей – Румыния, Акунов Алмазбек – Қырғызстан, Қадырбекова Аяна – Қырғызстан. Чемпионаттың бас төрешісі, монғолиялық бапкер Ром Әуесхан.

«Алтын жебе» атауы әлем мергендеріне халықаралық турнир ретінде жақсы таныс. Себебі, 2017 жылы және 2018 жылы Елорда төрінде «Алтын жебе» жарысы  халықаралық турнир деңгейінде ұйымдастырылды. Алғашқы жылғы бәсекеде 11 мемлекеттің 19 мергені, ал,  2018 жылғы «Алтын жебеде» 11 мемлекеттің 25 мергені бақ сынады. Қос турнирдің де бас жүлдесін румыниялық сұрмерген Михай Козмей жеңіп алды. Бірінші турнирдің күміс жүлдесін Айтбек Сарыбай, қола жүлдесін Ералхан Айкөз иеленген-ді. Екінші турнирдің күміс жүлдесіне  Ералхан Айкөз, қола жүлдесіне Абзал Тулыбеков қол жеткізген болатын.

Бұдан бұрын «Алтын жебе» мергендер турнирінде екі рет жүлдегер атанған Ералхан мерген енді міне, тұңғыш өткен «Алтын жебе» Әлем чемпионатының чемпионы атанды.

Өзгелердің жаңалығы