"Altyn samgay-2019" Ұлттық спорттық жүлдесінің жеңімпаздары марапатталды

1 Желтоқсан 2019, 16:28
11681
Бөлісу:
"Altyn samgay-2019" Ұлттық спорттық жүлдесінің жеңімпаздары марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Нұр-Сұлтанда Қазақстан ұлттық Олимпиадалық комитеті қалыптасқан дәстүр бойынша жылдың спорттық жетістіктерін қорытындылап, "Қазақстан" орталық концерт залында "Altyn Samgay-2019" ұлттық спорттық жүлдесінің марапаттау кешін өткізді. Бұл туралы Olympic.kz хабарлады.

Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен бекітілген еліміздің ең басты спорттық жүлдесі «Altyn Samgay-2019» биыл жаңарған форматты өтті. Салтанатты кешке отандық спорт жұлдыздары мен танымал эстрада өкілдері, қоғам қайраткерлері мен медиатұлғалар және жанкүйерлер жиналды. 

#teamKZ жанкүйерлері алғаш рет Жүлдеге қатысу мүмкіндігін иеленіп, команданың бір бөлшегі ретінде ұлттық құрама мүшелерімен емен-жарқын тілдесті. Айта кетелік, еліміздің үздік спортшыларын жанкүйерлер таңдаған болатын. 15-30 қараша аралығында оқырмандар awards.olympic.kz сайтында дауыс беріп, екі апта бойы еліміздің үздіктері анықталды. Осы аралықта 820 мың дауыс қабылданды.  

"Жазғы спорт түрлеріндегі үздік спортшы" аталымында Бекзад Нұрдәулетов жеңімпаз атанды. Ол биыл Екатеринбургте өткен әлем чемпионатын сәтті аяқтады. Бекзад жартылай финалда олимпиада чемпионы әрі төрт дүркін әлем чемпионы Хулио Сесар Ла Крусты (Куба) нокдаунға жіберіп, сенімді түрде ұтқан болатын. Финалда Нұрдәулетов өзбек боксшысынан басым түсті. 

"Қысқы спорт түрлеріндегі үздік спортшы" аталымында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан жұлдызы Элизабет Тұрсынбаева жеңіске жетті. Ол биыл Сайтамада (Жапония) өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. Тұрсынбаева еркін бағдарламада төрттік сальховты орындап, бұл элементті ересектер арасында орындаған тұңғыш спортшы атанды. 

"Үздік жас спортшы" аталымында каратеден Чилиде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Әбілмансұр Батырғали топ жарды. 

"Жазғы спорт түрлеріндегі үздік жаттықтырушы" аталымында еркін кұрестен Қазақстан командасының бас бапкері Әсет Серікбаев, "Қысқы спорт түрлеріндегі үздік жаттықтырушы" аталымында фристайл-могулдан Қазақстан командасының бас бапкері Елена Круглыхина көш бастады. Айта кетелік, Елена аталған жүлдені осымен екінші рет иеленіп отыр. Биыл Круглыхина жаттықтыратын Юлия Галышева Қазақстан тарихында тұңғыш рет фристайл-могулдан әлем чемпионы атанды. 

"Үздік ұлттық спорттық федерация" аталымында Қазақстан шайбалы хоккей федерациясы қара үзіп шықты. "Үздік спорттық аймақ" аталымы Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт Басқармасына бұйырса, «Жыл жаңалығы» аталымында еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі, елімізде өткен лицензиялық әлем чемпионатында 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алған Әлішер Ерғали жеңіске жетті. 

"Жылдың үздік командасы" ретінде биыл Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында (А тобы, бірінші дивизион) элиталы дивизионға жолдама алған шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы танылды.  

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің арнайы жүлдесі – "Қазақстан спортының мақтанышы" атағын Қазақстан ҰОК президентінің қолынан қазақ спортының ардагері, қысқа қашықтыққа және эстафетада жүгіруден КСРО чемпионатының жеңімпазы әрі жүлдегері, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Тұяқов Әмин Елемесұлы алды. 

Биыл Ұлттық Спорттық жүлде алғаш рет паралимпидашы спортшыларға табысталды. Өткен маусымда мүмкіндігі шектеулі отандық атлеттер түрлі халықаралық турнирлерде жүлдеге таласып, жеңіске деген ынта-жігерімен көзге түсті.  

"Үздік паралимпиадалық спортшы" атағы Нұрлан Домбайға берілді. Нұрлан әлем чемпионатында 75 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, алтын жүлде жеңіп алды. Ол өз салмағында әлемнің екі дүркін чемпионы атанып отыр. Ал паралимпиадалық спорт түрлеріндегі үздік жаттықтырушы атағына Қазақстан парадзюдо командасының бас бапкері Жандос Қиянов лайық деп танылды. 

Ұлттық Спорттық жүлде тарихында алғаш рет ірі жарыс кезінде спортшылар жанынан табылатын кешенді-ғылыми топ мамандарының еңбегі атап өтілді. "Үздік КҒТ маманы" атағын 20 жылдан бері спорт саласында, әсіресе, бокста еңбек етіп келе жатқан дәрігер Ирек Сатов иеленді.

Айта кетелік, Ұлттық спорттық жүлдедегі ең жарқын сәттердің бірі – 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жанкүйерлер арасында жолдама ойнату болды.  Ұлттық Спорттық Жүлдеге билет алған жанкүйерлер арасында кездейсоқ әдіспен екі билет иегерлері анықталды.  

Жылдағы дәстүр бойынша, ұлттық спорттық жүлдені ел спортының ардагерлері мен танымал спортшылар табыстады. "Қазақстан" концерт залының сахнасына Жақсылық Үшкемпіров, Құралбек Ордабаев, Виктор Абоимов, Ольга Шишигина, Гүзел Манюрова сынды танымал спортшылар көтерілді. Спортшылармен бірге жүлде табыстағандар қатарында өз саласында ерекше дарынымен көзге түскен жандар да бар. Мәселен, шахматтан Франция ашық чемпионатының жеңімпазы Сауат Нұрғалиев, заманауи ұшақ дайындап, кейін ұшақ үлгісін "Боинг" корпорациясы сатып алған қызылордалық 17 жастағы оқушы Евгений Демиденколар салтанатты рәсімге қатысты. Сондай-ақ, ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтер де спортшыларды марапаттады. 

 Жүлдені табыстау рәсімінде отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Атап айтар болсақ, "Ninety One", НаZима, "Молданазар" тобы, Кәмшат Жолдыбаева, SayMo, Қуандық Рахым және тағы басқалар бар.  Ұлттық Спорттық Жүлденің телевизиялық нұсқасы 8 желтоқсан күні "Хабар" арнасында көрсетіледі.

Өзгелердің жаңалығы