"Altyn Samǵaý - 2019" Ұлттық спорттық жүлдесі үшін дауыс беру басталды

15 Қараша 2019, 19:45
6551
Бөлісу:
"Altyn Samǵaý - 2019" Ұлттық спорттық жүлдесі үшін дауыс беру басталды

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті "Altyn Samǵaý - 2019" Ұлттық спорттық жүлдесі үшін дауыс беру басталғанын хабарлады. 

15-29 қараша аралығында жанкүйерлер Қазақстан ҰОК ресми сайты Olympic.kz-тің арнайы бөлімі арқылы үміткерлерге өз даусын бере алады.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен бекітілген спорттық жүлде биыл "Қазақстан" орталық концерт залында өтеді. Жылдағы дәстүр бойынша жанкүйерлер жыл үздігін биыл үшінші рет анықтамақ. 

Қадірлі жанкүйерлер! Сіздерді белсенді түрде дауыс беруге шақырамыз. Өйткені еліміздің үздік спортшысын сіздер анықтайсыздар. Былтыр біздің спортшылар мыңдаған дауыс жинады. Бұл жолы да солай жалғасады деп үміттенеміз. Әрбір дауыс спортшылар үшін маңызды екенін айтқымыз келеді. Үміткерлер жеңіске жету үшін сіздің даусыңыз аса қажет, - делінген ҰОК баспасөз баянында.

Дауыс беру тоғыз аталым бойынша жүргізіледі:

1. "Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшы";
2. "Қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы";
3. "Үздік жас спортшы";
4. "Жазғы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы";
5. "Қысқы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы";
6. "Олимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік ұлттық спорт федерациясы";
7. "Үздік спорттық аймақ" (облыс және республикалық деңгейдегі қалалар, сондай-ақ елордадағы дене шынықтыру және спорт басқармасы);
8. "Жыл жаңалығы";
9. "Жылдың үздік командасы".

Олимпиадалық спорт түрлері маусымының қорытындысы бойынша үміткірлер тізімі жасақталды.

Жүлдені салтанатты түрде табыстау кеші елімізге танымал жұлдыздардың қатысуымен өтеді. Атап айтар болсақ, "Ninety One" тобы, НаZима, "Молданазар" тобы, Say Mo, Қуандық Рахым және өзге де әншілер кеш қонағы болмақ. 

Салтанатты рәсім 30 қараша күні 18.00-де елордадағы "Қазақстан" Орталық концерт залында өтеді. 

Айта кетелік, жанкүйерлер үшін ұйымдастырушылар үлкен тосынсый дайындауда. 2020 жылғы Токио Олимпиадасының билеттерін ел аумағында таратуға құқылы  ресми агент "Complete Service" туристік компаниясы Ұлттық спорттық жүлде көрермендері арасында екі билет ойнатады. Жапония астанасындағы төртжылдық додасына берілетін екі жолдаманың иесі көрермендер арасынан таңдалмақ.

Өзгелердің жаңалығы